Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев қызметінен кетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әлеуметтік желіде оның Әл-Фараби даңғылы мен Назарбаев даңғылының қиылысында өртенген «Газель» маркалы автокөліктің өртін сөндіру кезінде өрт сөндірушілердің кідірісіне байланысты жұмыстан кеткені айтылып жатыр.
«Газель» өртін сөндірген өрт сөндірушілердің жабдығы жұмыс істемей, өрт сөндіретін су болмаған. Өрт сөндірушілердің абыржып қалғанын байқаған видео авторы олардың кәсіби дайындығына күмән келтірген.
Алматы қаласы ТЖД өрт сөндіру оқиғасы бойынша түсініктеме беріп, өрт сөндірушілер оқиға орнына келген соң 6 минут ішінде өртті сөндіргенін айтты. Сонымен қатар, өрт тіркелген кезде автокөлік толықтай отқа оранғаны атап өтілді. Бұл өрт туралы хабардың кеш берілгенін және жүргізушінің өртті өз бетімен сөндіруге тырысқанын көрсетеді.
Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлағандай, Алматы қаласы ТЖД басшысының жұмыстан кетуі басқа себептерге байланысты болған.
«Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің құрылымындағы кадрлық өзгерістерге байланысты хабарлаймыз: бұл өзгерістер мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа қатысы жоқ. Тек ресми дереккөздерге сүйенуді сұраймыз», – деді ҚР ТЖМ ресми өкілі Динара Нұрғалиева.