Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Дүйсенбай Тұрғанов пен Әділ Жұбанов өңірлерге жұмыс сапары барысында Атырау облысына барды. Онда «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағындағы өндірістік нысандардың жай-күйімен танысып, «Karabatan Utility Solutions» ЖШС электростанциясында болды.
Кәсіпорын басшылығының мәліметінше, қазір қуаттылығы 310 МВт болатын электр станциясы KPI зауытын толықтай энергиямен қамтып отыр. Алдағы уақытта бұл жүйеге тағы екі ірі зауыт қосылады.
– Бүгін іске қосылғанына бес жыл болған, арнайы экономикалық аймақты энергиямен қамтитын қуатты электр станциясының жұмысымен таныстық. Соңғы уақытта шағын және орта кәсіп иелері де осы станциядан қуат алуға өтініш білдіре бастады. Осыған байланысты қосалқы станция құрылысын қаржыландыру қажеттілігі туындап отыр. Қыркүйекте Парламент сессиясы басталған соң бұл мәселелерді заңнамалық деңгейде көтеріп, шешу жолдарын қарастырамыз, – деді Д.Тұрғанов.
Бірақ «Karabatan Utility Solutions» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Руслан Қалиевтің айтуынша, бастапқы жобада шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін электр қуатына қосу ескерілмеген. Сондықтан қазіргі қажеттілікті өтеу үшін қуаттылығы 165 МВт болатын жаңа қосалқы станцияның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, тиісті сараптамадан өткен. Жобаға қаржы бөлінсе, нысанды 2028–2029 жылдары іске қосу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ депутат шағын және орта бизнесті қолдау ел экономикасының дамуына тікелей ықпал ететінін, электр қуатына қолжетімділіктің болмауы кәсіпкерлік бастамаларды тежейтін айтты.
Өз кезегінде Әділ Жұбанов аумақта газ-химия бағыты бойынша арнайы экономикалық аймақ құрылып, кәсіпкерлер тартылғанына, алайда олар өндіріс ашуға ниетті болғанымен, электр қуатының жетіспеушілігі үлкен кедергіге айналып отырғанына тоқталды.
– Бұл – біз үшін үлкен сын. Энергетика министрлігінің салғырттығы салдарынан осындай жағдай қалыптасып отыр деп есептеймін. Себебі күрделі мәселені шешу үшін аса көп қаржы қажет емес. Мәселен, қазіргі кезде мұнда 20 МВт қуатқа сұраныс бар. Бұл шамамен 12 жобаға қатысты, ал оны іске асыру үшін небәрі 1,1 миллиард теңге қажет. Аймақта бос жер жеткілікті. Алайда қажетті инфрақұрылым болмағандықтан, өзге кәсіпорындар келуге құлықсыз, – деді Ә.Жұбанов.
Депутаттар бұл мәселе Парламенттің күн тәртібіне шығарылып, Энергетика министрлігімен бірлесіп шешім қабылданатынын жеткізді.