Шымкенттің орыс мектептерінде орыс тілді мұғалімдер жетіспейді. Маман тапшылығы мәселесін шешу үшін Шымкент қаласы әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың мұғалімдерді Ресей мен Украинадан алдыртуды ұсынды. Қала басшысы оларға асханасы бар жатақхана салып беруге дайын деп хабарлайды "31 арна".
Бүгінде Шымкенттің орыс мектептерінде мұғалімдер саны күрт азайған. Қазір зейнет жасына жетіп тұрған 2500 мұғалім қызметін босатар болса, дәріс беретін адам қалмауы мүмкін.
"Отыз сегіз орын бос тұр, мұғалім жоқ", - дейді Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева.
Білім бөлімі басшысы Шымкент оқу орындарын бітіретіндер саны аз, сондықтан орыс тілді мұғалімдерді елдің солтүстігінен іздеуді ұсынған. Алайда Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов болса, маманды елімізден іздегеннен гөрі, шетелден алдырту керек деп отыр.
"Орыс тілі мамандарын Ресейден, Украинадан шақыртсақ болады", - деді Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.
Зейнет жасына келгендер кетсе, әрине бос орын одан сайын көбеймек. Олардың орнын қазір жергілікті оқу орындағы оқып жатқандар толықтыра алмайтын көрінеді. Себебі бос қызмет орны көп, бітірушілер аз.
Мұғалімдер дайындайтын оқу орындағылар мемлекеттік грант бөлінбейінше, орыс мектептеріне мамандар көбейту қиын дейді. Ақылы оқуға әркімнің жағдайы келе бермейтіндігі тағы бар.
Орыс мектептеріне бар-жоғы 15 грант бөлінеді екен. Оның үшеуі Шымкентте бітіріп жатыр. Ал Ресей мен Украинадан мұғалім алдыртамын деген Шымкент әкімінің сөзінің қаншалықты іске асатынын алдағы уақыт көрсетпек.