Астанада BI ART музыкалық мектебі ашылады

/
Астанада BI ART музыкалық мектебі ашылады
facebook.com

Астана күніне орай елордада балаларға арналған «BI ART» музыкалық мектебі ашылады. Бұл туралы BI Group холдингінің акционері және директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рақымбаев мәлім етті, деп хабарлады turkystan.kz.

«Біз Астанаға балаларға арналған ең үлкен музыка мектебін сыйламақпыз.

Астана — биайлықтар үшін ерекше қала, бұл — біздің үйіміз. Осында университет қабырғасында достар таптық, кейін  BI компаниясының негізін қаладық. Астанада есейдік, отбасын құрдық, балаларымыз осы қалада дүниеге келді.

BI компаниясының 30 жылдығына орай, біз акционерлермен бірге елордаға үлкен тарту жасауды ұйғардық. Астанадағы ең үлкен балалар музыка мектебі — BI ART өнер орталығын саламыз. Зерттей келе, Астанада соңғы жылдары жеке ірі музыка мектептері салынбағанын білдік. Қазір балалар шағын үйірмелерде ғана өнермен айналысып жүр», — деп жазды ол.

Кәсіпкердің айтуынша, нысан биыл жылдың соңына дейін толық аяқталады. BI ART орталығы Сығанақ көшесінің бойында, BI компаниясының бас кеңсесінің дәл жанында орналасады.

«Біз 5 000 шаршы метр аумақта заманауи орталық тұрғызып жатырмыз және бұл іске халықаралық деңгейдегі мықты мамандарды тартып отырмыз. Аптасына 1 000-нан астам бала осы орталыққа келіп, білім алатын болады.

Бұл жерде балалар музыка, хореография, актерлік шеберлік пен бейнелеу өнерін меңгереді. BI ART тек оқу орны ғана емес, сонымен қатар шығармашылық жандар — суретшілер, музыканттар бас қосатын орталыққа айналады. Мұнда дыбыс жазу студиялары, актерлік шеберханалар, подкаст бөлмелері, коворкингтер мен арт-кафелер жұмыс істейтін болады.

Ал ата-аналар мен отбасылар балалардың өнерін тамашалау үшін үлкен концерттерде қайта бас қосатын болады.

Туған күніңмен, сүйікті қаламыз – Астана!», – деп жазды А. Рақымбаев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары