Астана тұрғыны АҚШ пен Еуропаға виза алып беремін деген уәдеге сеніп, алаяққа 49 миллион теңгеге жуық қаражат аударған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полиция қызметкерлері 34 жастағы әйелді ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікпен ұстады.
Тергеу мәліметінше, күдікті өзін заң компаниясының атқарушы директоры ретінде таныстырып, 49 жастағы қала тұрғынына АҚШ және Шенген визаларын рәсімдеуге көмектесуге уәде берген.
«Өзінің «қызметі» үшін алаяқ шамамен 49 миллион теңге алған. Тараптар ресми келісімшарт жасаспаған, мәміле ауызша түрде рәсімделген. Компания шоттарына бұғат қойылғандықтан, жәбірленуші күдіктінің өтініші бойынша қаражатты үшінші тұлғалардың шоттарына аударған", — деп хабарлады полиция.
Алаяқ әйел алған қаражатты өз қалауынша жұмсаған.
«Ұсталған әйелдің осыған ұқсас ондаған қылмыстық эпизодтарға қатысы бар екені анықталды. Қазіргі таңда оған қатысты 100-ге жуық қылмыстық іс тіркелген, жалпы келтірілген шығын 300 миллион теңгеден асады», — деп хабарлады Астана қалалық полиция департаменті.