Таразда ұшаққа электрошокер алып кірмек болған азаматқа айыппұл салынды

/
Таразда ұшаққа электрошокер алып кірмек болған азаматқа айыппұл салынды
istockphoto.com

Тараз қаласында заңсыз қару сақтап, тасымалдау ісі бойынша сот өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс материалдарына сәйкес, биылғы наурыз айында Астана халықаралық әуежайының терминалында Таразға бағыт алған рейс жолаушысының қол жүгін тексеру барысында электрошокер табылған. Құрылғы иесінің оған қажетті рұқсаты болмаған. Электрошокер сол кезде жұмыс істемейтін күйде болғанымен, сарапшы оны кейіннен зауытта шығарылған электрлі қару деп таныған.

Айыпталушы өз кінәсін мойындады. Ол электрошокерді интернеттен сатып алып, оны көше иттерінен қорғану үшін немересіне сыйға тартпақ болғанын айтты. Алайда құрылғы істемейді деп ойлап, оны тіркетпеген.

Заң бойынша азаматтық қаруды сақтау мен алып жүру ішкі істер органдарының рұқсаты болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Айыпталушыда мұндай рұқсат болмаған.

«Кінәсін мойындауын және құқықбұзушылықтардың болмауын ескере отырып, сот жалпы сомадан 30 пайыздық жеңілдікпен айыппұл салды және электрошокерді тәркілеуге шешім шығарды. Сот қаулысымен айыппұл мөлшері 55 мың теңгені құрады және құрылғы тәркіленді», – деп шешім шығарды сот.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары