Ұлыбританияда ғалымдар адамның ДНҚ-сын түбегейлі жаңаша жолмен жасауға кірісті, нақтырақ айтсақ, олар генетикалық кодты химиялық элементтерден құрастыруды қолға алды. Бұл бастаманың алғашқы мақсаты – бауыр, жүрек секілді органдар мен иммундық жүйені алмастыруға арналған жасушаларды «басып шығару», деп хабарлайды turkystan.kz BBC-ге сілтеме жасап.
Жобаның ауқымы ауқымды: зерттеулер Кембриджде жүргізіліп жатыр, оған елдегі жетекші ғалымдар тартылған. Жуырда бұл бастама £10 миллион көлемінде алғашқы грантты да иеленді.
Айта кетейік, бұған дейін мұндай технологиялар адамзат үшін аса қауіпті деп саналған. Себебі олар биоқару жасау немесе адамның сырт келбеті мен қасиеттерін алдын ала жоспарлап, «тапсырыспен» адам жасау сынды қауіптерге жол ашуы мүмкін еді.
Алайда ғалымдар қазіргі кезеңде бұл технологияны медициналық мақсаттарға ғана бағыттап, адам өмірін ұзартуға және ауыр дерттерді емдеуге пайдалануға ниетті.