2025 жылдың басынан бері Ақмола облысында төрт адам туберкулезден көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Дәрігерлердің мәліметінше, өлім-жітімнің басты себебі – аурудың кеш анықталуы. Қайтыс болғандар арасында науқаспен байланыста болғанын дәрігерлерге айтпаған жас әйел де бар.
«Туберкулезбен сырқаттанушылықтың негізгі себептері өзгеріссіз қалуда: медициналық көмекке кеш жүгіну, флюорографиядан уақытылы өтпеу, материалдық қиындықтар, қосалқы аурулардың болуы. Адамдар жиі өздігінен емделіп, медициналық мекемелерден қашқақтайды», – деді Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Жанаргүл Есимжанова.
2025 жылдың басынан бері өңірде туберкулездің 111 жаңа жағдайы тіркелді. Аурушаңдықтың өсуі Бұланды, Жақсы, Бурабай, Ерейментау, Ақкөл аудандарында, Біржан сал ауданында және Степногорск қаласында тіркелді. Қайта жұқтыру 39 адамда анықталды.
Туберкулез – әлеуметтік себептерге байланысты ауру болып саналады. Дәрігерлер өңір тұрғындарын жылына кемінде бір рет флюорографиядан өтіп, өз бетінше емделумен айналыспауға шақырады.