Қостанай облыстық ауруханасының бас дәрігері мас күйінде көлік жүргізгені үшін жазаға тартылды, деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл туралы «Алау» басылымы Қостанай облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап жазды.
«Қостанай облыстық ауруханасының бас дәрігеріне қатысты мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін әкімшілік қамауға алу түрінде шешім шығарылды», - дедіҚостанай облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Ведомство бұл оқиғаның 22 маусымға қараған түні дәрігердің демалыс кезеңінде болғанын нақтылады.
«Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы бұл оқиғаны кәсіби қызметке байланысты емес, азаматтың жеке мінез-құлық нормаларын бұзуы деп санайды. Қызметкермен профилактикалық әңгіме жүргізілетін болады. Оның қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданады», - деді Қостанай облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ құзырлы ведомство әрбір азамат атқаратын лауазымына қарамастан жеке жауапкершілікке ие екенін және заң алдында барлығы тең екенін де нақтылады.