Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желіде пранк пен қауіпті трюктер арқылы танылғысы келетін азаматтарға үндеу жасады, деп хабарлады turkystan.kz.
Министрлік өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, соңғы уақытта интернетте «пранк» және экстремалды көріністерге толы видеолар жиі тарап жатыр. «Өкінішке қарай, “лайк пен қаралым үшін жарыс” деген түсінік әзіл шеңберінен асып, заңға қайшы әрекеттерге ұласуда», – деді ол.
Алекешев авторлар тарапынан зиянсыз контенттің орнына агрессия, арандату, зорлық-зомбылық, тіпті адам өміріне қауіп төндіретін іс-әрекеттер жиі кездесетінін айтты. Мұндай бейнероликтер қоғам үшін қауіпті, ал көрермендер арасында шок пен күйзеліске себеп болады.
«Орындаушылар өз өмірлерін қатерге тігіп, заң алдында жауап беретінін ұмытып жүр», – деді ІІМ өкілі.
Министрлік дерегінше, жыл басынан бері қатыгез пранк бойынша 24 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мысалы, Астанада бір топ блогер лифт ішінде «мәйіт» тасып, балтамен шабуыл жасағанын бейнежазбаға түсірген. Бұл видео жолаушылардың қатты үрейленуіне себеп болды. Нәтижесінде пранкке қатысқандар 15–30 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Тағы бір оқиға – Алматы облысында орын алған. Онда жас жігіт жүріп келе жатқан көліктің үстіне секірмек болып, ауыр жарақат алып, көз жұмды. Бұл – «видео үшін өмірден айырылудың» нақты мысалы.
«Мұндай әзілдер — қауіпсіздікке төнген қатер ғана емес, сонымен бірге этикаға жат, қоғамдық тәртіпті бұзатын әрі орны толмас қайғыға апаратын әрекеттер. Блогерлік пен камера алдындағы әрекет құқық бұзуға сылтау болмауы тиіс», – деді Ш. Алекешев.
ІІМ заң нормаларын еске салып, азаматтарды ойланбай жасалған әрекеттерден аулақ болуға шақырды. «Қоғамдық тәртіпті бұзатын, дүрбелең туғызатын немесе адамның ар-намысына тиетін кез келген әрекет әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін», – деді департамент басшысы.
Сөз соңында ІІМ өкілі пранк түсіретін азаматтарға үндеу жасады: «Күмәнді көріністі түсірмес бұрын немесе оған қатыспас бұрын салдарын ой елегінен өткізіңіз. Өмірде де, интернетте де өзгелердің қауіпсіздігі мен жеке кеңістігін құрметтеңіз. Заңды сақтаңыздар».