Астанада балалар алаңында болған жанжал жасөспірімнің соққыға жығылуымен аяқталды, деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі жазды. Елордадағы демалыс орындарының бірінде 18 жастағы жасөспірім ер адамның қатыгез әрекетінің құрбаны болды. Бұл жағдай 19 маусым күні кешкі сағат сегіз жарым шамасында ZUZU деп аталатын балалар алаңында тіркелген.
Алдын ала мәліметке сүйенсек, жанжал бүлдіршіндер арасындағы түсініспеушіліктен бастау алған. Жанжалға қатысы бар балалардың бірімен бірге жүрген аға жігіт жағдайды ушықтырмас үшін екінші баланы шетке шығарып, тәртіпке шақырған.
Көп ұзамай екінші баланың анасы келіп, ашулы күйде балаларға ауыр сөздер айтып, айқайға басқан. Артынша футбол алаңына баланың әкесі де жетіп келіп, дауласуға араласқан. Ер адам жасөспірімді жағасынан алып, алаң шетіне қарай сүйреп апарып, бірнеше рет бет тұсынан ұрған. Куәгерлердің пайымынша, ол соққы кезінде кастетке ұқсас зат пайдаланған болуы мүмкін.
Шабуыл салдарынан жасөспірім отырған жерінен тұра алмай, демігіп қалған. Ер адам оның кеуде тұсына аяқ-қолымен ұруын жалғастырған. Бұл сәттер камераға түспегенімен, оқиға орнына шақырылған анасы баласына шабуыл жасалғанын растап отыр.
Жасөспірімнің анасы полицияға шағым түсірген. Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты денсаулыққа жеңіл зиян келтіру бабымен іс қозғалды.
Аталған балалар алаңының әкімшілігі оқиғаның болғанын растады және барлық бейнематериалдар құзырлы органдарға тапсырылғанын мәлімдеді.