Ауылдық жерлердегі учаскелік инспекторлардың еңбек сіңірген жылдары жеңілдетілген тәртіппен есептелетін болады – Тоқаев

Ауылдық жерлердегі учаскелік инспекторлардың еңбек сіңірген жылдары жеңілдетілген тәртіппен есептелетін болады – Тоқаев
ашық дереккөзден

Құқық қорғау органдарының жұмысына сервистік модель қағидаттарын кеңінен енгізіп, кадрлық әлеуетін күшейту қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқасында айтты.

«Полиция мен басқа да құрылымдар билік және қоғам арасын байланыстыратын алтын көпір болуға тиіс. Ол үшін «Мемлекет пен азамат – біртұтас» деген іргелі қағидатымызға толық сай келетін халықпен қарым-қатынастың жаңа мәдениетін қалыптастыру керек. Бұл бағытта ілгерілеу бар. Бірақ қабылданған шаралар әлі тиімділігін көрсетпеді, өйткені бірізділік жоқ. Халықпен тікелей жұмыс істеуге кедергі келтіретін басы артық бюрократиядан арылу керек», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президенттің мәлімдеуінше, реформалардың шынайылығына, әділдікке және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне азаматтардың сенімі көбіне құқық қорғау органдарының кәсіби деңгейіне байланысты.

«Учаскелік инспекторлардың әлеуетін одан әрі нығайту қажет. Себебі олар іс жүзінде мемлекет мен қоғам арасындағы басты дәнекер саналады. Әсіресе, бұл ауылдық жерде анық байқалады. Өйткені жергілікті тұрғындар үшін учаскелік инспектор – қорғаушы, құқықтық кеңесші, тіпті, әділдік сұрап жүгінетін соңғы инстанция. Менің ойымша, ауылдағы учаскелік инспекторларға шен берген кезде жеңілдік жасап, яғни бір жылдық еңбек өтілін 1,5 жыл деп есептеу қажет. Ауылдағы учаскелік инспекторларды баспанамен қамтып, материалдық-техникалық базасын нығайту керек. Өңір әкімдері осы мәселеге мұқият назар аударғаны дұрыс.

Учаскелік полицияны жаңғыртумен қатар патрульдік бекеттер қызметінің жұмысын қайта қарау қажет. Патруль қызметкерлері азаматтармен жұмыс барысында әдеп сақтап, кәсібилік танытқаны жөн. Өз кезегінде азаматтар да полицияның заңды талабына бағынуға міндетті. Әйтпесе көшеде тәртіп болмайды», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары