Ғалымдар ауыздағы микробтар мен депрессия арасында байланыс барын анықтады

/
Ғалымдар ауыздағы микробтар мен депрессия арасында байланыс барын анықтады
сурет: istockphoto.com

BMC Oral Health ғылыми журналында жарияланған жаңа зерттеу депрессия белгілері мен ауыз қуысындағы бактериялардың әртүрлілігі арасында күтпеген байланыс барын көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

АҚШ-тағы 15 000-нан астам ересек адамның деректерін талдаған ғалымдар ауыз микробиомының алуан түрлілігі төмен адамдарда депрессия белгілері жиірек байқалады деген қорытындыға келген. Бұл байланыс әсіресе ер адамдар мен ақ нәсілді америкалықтар арасында айқын болған.

Адам ағзасында триллиондаған микроб, бактерия, саңырауқұлақ мен вирус тіршілік етеді. Бұларды біріктіріп, ғалымдар «микробиом» деп атайды. Соңғы жылдары ішек микробиомы мен адамның көңіл күйі арасындағы байланыс жиі зерттеліп жүр. Бірақ ауыз микробиомының психикалық денсаулыққа ықпалына аз көңіл бөлінген.

Ауыз ағзадағы екінші ірі микроб мекені саналады. Бұл микробтар иммунитеттің тепе-теңдігін сақтауға, қабынуды реттеуге және түрлі аурулардың алдын алуға көмектеседі. Сондықтан зерттеушілер ауыз микробиомы мен психикалық денсаулық, соның ішінде депрессия арасындағы байланысты зерттеуді жөн көрген.

Ғалымдар зерттеу үшін АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы жүргізетін Ұлттық денсаулық пен тамақтану сауалнамасының (NHANES) 2009–2012 жылдардағы деректерін пайдаланған. Зерттеуге 15 018 адамның деректері енген. Қатысушылардың орташа жасы 42 болса, ал этникалық құрамы әртүрлі болған.

Депрессия белгілерін анықтау үшін PHQ-9 сауалнамасы қолданылды. Ол соңғы екі аптада адамның өзін қалай сезінгенін, мысалы, шаршау, көңілсіздік, зейін қоюдың қиындауы сияқты белгілерді бағалайды. 10 ұпайдан жоғары нәтиже депрессияның белгісі саналады.

Ауыз микробиомының әртүрлілігін бағалау үшін қатысушылардан ауыз шайындысы алынған. Бұл үлгілерден микробтардың ДНҚ-сын талдай отырып, ғалымдар екі түрлі көрсеткішті есептеген:

Альфа әртүрлілік бір адамның аузындағы бактериялардың саны мен тепе-теңдігін көрсетеді. Бета әртүрлілік әр түрлі адамдардың микробиомдарының өзара ұқсастық/айырмашылығын өлшейді.

Зерттеу нәтижелері ауыз микробиомының жағдайы психикалық денсаулықпен бұрын-соңды ескерілмеген тығыз байланыста екенін көрсетеді. Бұл депрессияны түсіну мен алдын алудың жаңа жолдарын іздеуге түрткі болуы мүмкін.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары