Ұлытау облысының Полиция департаменті Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары жолдағы жұмыс талаптарын орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылғанын хабарлады, деп жазады turkystan.kz.
Өлімге әкеліп соққан жол-көлік оқиғасы 16 маусым күні болды. Жеңіл көлік жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінде баланы қағып кеткен. Қыз бала алған жарақаттарынан көз жұмды.
Полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары да жауапкершілікке тартылды.
«Жолда жұмыс жүргізу талаптарын орындамағаны, нақты айтқанда жаяу жүргінші өткелінің сәйкес жол белгілерінің болмауы себепті Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары жауапкершілікке тартылды. Бұған дейін қала әкімдігіне жаяу жүргінші өткеліне жол белгісін салу жөнінде нұсқама берілген болатын», – делінген хабарламада.
Іс бойынша тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында.