"Барлығы тек орысша жазылуға тиіс": Ресей орыс тілін қорғау туралы заң қабылдады

/
"Барлығы тек орысша жазылуға тиіс": Ресей орыс тілін қорғау туралы заң қабылдады
сурет: istockphoto.com

Ресей мемлекеттік думасы «Қоғамдық кеңістікте орыс тілін қорғау туралы» заңды екінші және үшінші, яғни соңғы оқылымда қабылдады. Мақсат – орыс тілін мемлекеттік тіл ретінде қорғау, қоғамдық кеңістікте шетел сөздерінің қолданысын азайту және қазіргі әдеби тіл нормаларын сақтау, деп хабарлайды turkystan.kz ria.ru-ға сілтеме жасап.

Жаңа заңға сәйкес:

  • Барлық көрнекі жазулар, жол көрсеткіштер, жарнамалық материалдар тек орыс тілінде жазылуы тиіс. Sale, shop сияқты кең таралған сөздер мен тіркелген тауар белгілерінен басқа шетел сөздерін қолдануға тыйым салынады.
  • Басқа тілдерге аударуға рұқсат етіледі, бірақ мазмұны бірдей және безендірілуі тең дәрежеде болуы керек.
  • Тұрғын үй кешендері мен шағын аудандарға енді шетелше естілетін атауларды беруге болмайды. Барлық атаулар тек кириллица әріптерімен жазылуы шарт.
  • Коммерциялық нысандар мен брендтердің атауларында ресми тіркелмеген шет тіліндегі сөздерді қолдануға тыйым салынады.

Заң сондай-ақ бірнеше негізгі нормативтік актілерге өзгерістер енгізуді көздейді:

  • «Жарнама туралы» заң – жарнама тек орыс тілінде берілуге тиіс;
  • «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң – тауар мен қызмет туралы ақпарат міндетті түрде орысша болуы қажет;
  • Қала құрылысы кодексі – қалалық орта нысандарына атау беру тәртібі өзгереді;
  • Сонымен қатар, мемлекеттік БАҚ-та ақпараттық бағдарламалар тек орыс тілінде, қажет болған жағдайда – аймақтардағы халық тілдерінде жүргізілуі тиіс.
Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары