Баспаналы болуға алғашқы қадам

Баспаналы болуға алғашқы қадам

Баспаналы болуға алғашқы қадам
ашық дереккөзі
234
Елімізде өткен жылы тұрғын үй құрылысы бойынша 89 мың жаңа пәтер пайдалануға беріліп, рекордтық деңгейге жетті. Тұрғын үй құрылыс саласына, әсіресе, соңғы екі жылда жан бітіп, қарқынды жұмыс атқарылуда. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары бұл салада банкроттық жағдай қалыптасқаны белгілі. Тұрғын үй құрылысы қаржының тапшылығынан тоқырап қалды. Пайдалануға берілген жаңа пәтерлер жылдық орташа есеппен 16 мыңнан аспады. Уақыт өте нарықтық эконо­ми­камен бірге келген ипотекалық несиеге пәтер алуға мүмкіндік туа бастады. 2005-2008 жылдарда құрылыс қарқын ала түсіп, тұты­нушыларға жылына орта есеппен 54 мың пәтердің кілті табысталды. Дағдарыс құрылыс саласына да салқынын тигізбей қойған жоқ. Алайда кең ауқымды мемлекеттік қолдау құрылыс саласының құлдырауына жол бермеді. Жаңа мемлекеттік бағдарламаның арқасында 2015 жылдан бастап тұрғын үй құрылысы саласы жаңадан қарқын алып, тіпті салада өсім болғаны байқалады. Себебі биылдан бастап «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы іске асырылмақ. Бұл бағдарламаның мақсаты – алдағы 15 жылда 1,5 миллион тұрғынды баспанамен қамтамасыз ету. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар шаралар жоспарлануда: құрылысшылар үшін «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген мемлекеттік жәрдем ақша бөлуді қарастыру; тұрғындарды «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы ипотекалық несиемен қамтамасыз ету; әкімшіліктер «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» салымшылары үшін несие тұрғын үй құрылысын жүргізу. Алдағы уақытта халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобы үшін сатып алуға болмайтын, жалға берілетін үйлер институтын дамыту. Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында елімізде 18 мың пәтер пайдалануға берілген. Бұл – өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 23 пайызға артық көрсеткіш. 2017-2021 жылдарға бөлінген 1,5 трлн теңгенің биыл 169 миллиард теңгесі мемлекеттік бағдарламаларды қар­жыландыруға жұмсалмақ. Банктер тарапынан несиелендіру азайған қазіргі таңда мемлекет тарапынан қаржылай қолдау сала жұмысын жандандыра түседі деген үміт бар. Расымен де, банктер тарапынан саланы несиелендіру 2014 жылдың екінші жартысы мен 2015 жылы бірден төмендеп кетті. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 10 миллион шаршы метрден артық тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бағдарламаның негізгі бағыты – жеке тұрғын үй құрылысына қолдау көрсету. Азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін бар­лық инфрақұрылымы дайын жер телімдері беріледі. Мемлекет инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Батыс Қазақстан облысында атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, биыл облыста 90 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, кезекте тұрған 1200-ден астам отбасына қолжетімді бағамен баспана беріледі. «Биыл бағдарлама шеңберінде республика бойынша 10 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді (100 мың пәтерді), соның ішінде мемлекеттік инвестиция есебінен 1,6 млн шаршы метр тұрғын үйді (28 мың пәтерді) іске қосу жоспарланып отыр.  2017 жылдың қаңтар-ақпан айларында қаржыландырудың барлық көздері есебінен жалпы алаңы 2,3 млн шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда анағұрлым жоғары көрсеткіш. Қазір іске қосылған тұрғын үй үлесі бойынша Алматы мен Астана қалалары көш бастап тұр. Облыстардың ішінде Маңғыстау мен Оңтүстік Қазақстан облысы жақсы нәтиже көрсетуде.   Қалған облыстардан да дәл осындай нәтижелі жұмыс күтеміз. Барлық аймақтар бағдарлама бойынша жылдық көрсеткішке қол жеткізу үшін министрлік тарапынан қажетті қолдау көрсетіледі», – дейді министр. Оның айтуынша, қаржылан­ды­рудың барлық көздері есебінен тұрғын үйді пайдалануға беру 10,5 млн шаршы метрді құрады және бұл 2015 жылмен салыстырғанда 7,9 пайызға артты (8,9 млн шаршы метр). 89 мыңнан астам тұрғын үй, оның ішінде – 36 мың жеке тұрғын үй салынды. Іске қосылған тұрғын үйдің ең көп үлесі Астана қаласында – 22 пайыз (2256 мың шаршы метр), Алматы қаласында – 18 пайыз (1862 мың шаршы метр), Маңғыстау облысында – 7 пайыз (786 мың шаршы метр) және Ақтөбе облысында – 6 пайыз (616 мың шаршы метр). Айта кету керек, 519,2 мың шаршы метр – жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) кредиттік тұрғын үйі; 150 мың шаршы метр – сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй; 190 мың шаршы метр – «ҚИК» ИҰ» АҚ-ның жалға берілетін тұрғын үйі; 23,1 мың шаршы метр – ЖАО-да кезекте тұрған азаматтар мен жас отбасыларға арналған жалға берілетін тұрғын үй; 210,4 мың шаршы метр – «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның тұрғын үйі (сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй – 27,4 мың шаршы метр, коммерциялық тұрғын үй – 183 мың шаршы метр); 562,6 мың шаршы метр – «Бәйтерек девеловмент» АҚ-ның тұрғын үйі. Сондай-ақ, Маңғыстау облы­сында 109,7 мың шаршы метр (1890 пәтер); Атырау облысында 73,2 мың шаршы метр (1172 пәтер); Ақтөбе облысында 117,8 мың шаршы метр (2016 пәтер); Батыс Қазақстан облысында 89,9 мың шаршы метр (1201 пәтер). Биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында қаржыландырудың барлық көздері есебінен жалпы алаңы 2,3 млн шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2016 жылғы осындай кезеңдегі көрсеткіштен 44,7 пайызға артық. Жылдық жоспар бойынша тұрғын үйді іске қосу проценті 22,3 пайызды құрайды. Іске қосылған тұрғын үйдің ең көп үлесі Алматы қаласында – 28 пайыз (639 мың шаршы метр), Астана қаласында – 26 пайыз (587 мың шаршы метр), Маңғыстау облысында – 9 пайыз (211 мың шаршы метр) және Оңтүстік Қазақстан облысында – 6 пайыз (139 мың шаршы метр). Сондай-ақ, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бағдарламаның тұрғын үй құрылысы көрсеткіштерінің жылдық жоспарын назарға ала отырып, аймақтық әкімдіктерге жылдық көрсеткішке қол жеткізу үшін тиімді шаралар қабылдау қажеттігін қадап айтты.

Жаңа рейстер жаһанға жол ашады

Инвестициялар және даму минис­трлігі халықаралық бағыттардағы әуе тасымалын арттыру мақсатындағы жоспарлы жұмысын жалғастырады. Өткен жылы 7 халық-ара­лық бағытта әуе рейстері ашылғаны белгілі. Олар – Астанадан – Амстердамға, Алматыдан – Сиань, Шарм-Эль-Шейх және Тегеран қалаларына, Ақтаудан – Батуми және Сочи қалаларына, сондай-ақ, Шымкент – Стамбұл арасында ашылған әуе рейстері. Халықаралық бағыттағы сұраныстар жыл сайын артып келеді. Мәселен, биыл Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге және «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамытуға байланысты Қазақстан мен Еуропа елдері арасында шетелдік әуе компанияларымен бірлесіп жаңа бағыттар ашу жоспарланып отыр. 2017 жылдың 8 мамырында польшалық LOT Polish Airlines әуе компаниясы Астана-Варшава бағытында аптасына 4 рет қатынайтын жаңа әуе рейсін ашады. Сондай-ақ, Астана-Будапешт арасындағы алғашқы әуе қатынасы осы жылдың 1 маусымында көк аспанда жол салады. Ал таяуда ғана Орталық және Шығыс Еуропадағы ең ірі лоу-кост әуе тасымалдаушысы Wizz Air Астана мен Будапешт арасындағы жаңа әуе қатынасының іске қосылатынын жариялады. Жаңа әуе қатынасы аптасына екі рет, бейсенбі және жексенбі күндері жұмыс істейтін болады. Бұл Қазақстан және Венгрия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығына орай жасалған ерекше тарту. 19 маусымнан бастап FinnAir әуе компаниясы Астана-Хельсинки бағытында аптасына 2 рет қатынайтын жаңа бағытты іске қоспақшы. Ал маусым айынан бастап Астана-Бейжің бағытында аптасына 3 рет Air China ұшақтары қатынайтын болады. Қазақстандық әуе компаниялар да халықаралық бағыттар бойынша өрісін кеңейтпек. 2017 жылдың маусым айынан бастап «Эйр Астана» Астана-Улан-Батор арасында, «SCAT» әуе компаниясы Астана-Ереван арасында жаңа әуе рейстерін ашады. «Эйр Астана» әуе компаниясы халықаралық бағытта жаңа әуе рейстерін ашу үшін үлкен жұмыс атқарып жатыр. 2019 жылы Астанадан Сингапур мен Токиоға, 2020 жылы Шанхай мен Нью-Йорк бағытындағы жаңа рейстер ашу жоспарында бар. Айтпақшы, Наурыз мерекесі қарсаңында «Алматы-Ташкент» бағытында жаңа «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы жолға шыққанын қаперге саламыз. Бұл Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің Астанаға мемлекеттік сапары қарсаңындағы қуанышты жаңалық болған еді. «Алматы-Ташкент» бағытындағы №1/2 халықаралық пойыз аптасына екі рет қатынайды. Бұл да болса екі ел арасындағы байланысты нығайтып, қарым-қатынасты арттыруға бағытталған ілкімді бастамалардың бірі. «Алматы-Ташкент» бағытындағы вагондар жаңа модификациядағы кең шанақты, Қазақстанда арнайы жасалған өнім. Барлық талаптар ескеріліп, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы вагондар да қарастырылған. Бұл Ташкент шаһарына баруды жоспарлап жүрген жолаушы үшін таптырмас мүмкіндік. Бір айта кетерлігі, 2003 жылдан бері Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасында жолаушылар тасымалдары бойынша тұрақты автобус маршруттары болған емес. Сонымен қатар тәулігіне шамамен 2000-3000 адам екі мемлекет арасындағы мемлекеттік шекараны жаяу өтеді. Осыған орай, Қазақстан мен Өзбекстан үкімет басшылары тұрақты автобус бағыттарын ашу жөнінде де уағдаласып, екі ел арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы Хат­тамаға қол қойылды. Яғни, хаттаманың мақсаты – жолаушыларды автобуспен тұрақты, тұрақсыз және транзиттік тасымалдау осы мемлекеттердің аумағында тіркелген тасымалдаушылардың жүзеге асыруын ұйымдастыру үшін құқықтық негіз құру. Хаттама сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға оң импульс береді және халықтың мобильділігін арттыруға, өз кезегінде Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарының достық қарым-қатынастарын нығайтуға ықпал етеді. Хаттама күшіне енген соң екі мемлекеттің ірі қалалары арасында тұрақты автобус бағыттары ұйымдастырылатын болады. Осылайша, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің дерегі бойынша халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан қалалары мен Ресейдің, Қытайдың, Қырғыз Республикасы мен Моңғолияның елді мекендері арасында 134 бағыт бойынша тұрақты халықаралық автобус қатынасы ұйымдастырылған. Айталық, 90 бағыт Ресей Федерациясының Омбы, Новосибирск, Барнауыл, Томск, Орынбор, Челябинск, Екатеринбург сияқты және басқа қалаларына, 36 бағыт ҚХР-ның Үрімжі, Инин, Тачен, Алтай, Зимунай қалаларына, 8 бағыт Қырғыз Республикасының Бішкек, Токмак, Чолпан-Ата қалаларына және 1 бағыт Баян-Өлгий аймағына қатынайды. Жалпы, 2016 жылы халық­а­ра­лық қатынаста автобуспен тасымалдаушылар шамамен 5 млн жолаушыға қызмет көрсеткен.

«ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде қосымша пойыз жүреді

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде Астанаға аймақтардан қосымша 14 жолаушылар және қала маңындағы пойыздар жіберіледі. Жергілікті атқарушы органдардың болжамдық деректеріне сәйкес, 2017 жылдың жазғы маусымында аймақтардан Астана қаласына «ЭКСПО-2017» көр­месін көру үшін келетін жолау­шылар саны 1 855 934 адам­ды құрайды. Оның ішінде теміржол көлігімен келетіндер 935 271 адам болады.  2017 жылдың 27 ақпанында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму вице-министрі Р.Склярдың төрағалығымен жергілікті атқарушы орган әкімдерінің осы мәселеге жауапты орынбасарлары қатысқан селекторлық кеңес өтті. Онда халықаралық көрмеге келетіндерді тасымалмен қамтамасыз ету бойынша Бірлескен жоспар құрылды. Алдын ала деректер бойынша, көрме кезінде жолаушылар ағынын теміржол көлігімен қамтамасыз ету үшін Астана теміржол стансасы арқылы жүретін бағыттарды 44-тен 58-ге дейін ұлғайту жоспарлануда. «Тұлпар-Тальго» вагондарынан жасақталған және 14 жолаушылар мен қала маңындағы пойыздар мына бағыттар бойынша қатынайды. Олар: Астана – Шымкент; Астана – Маңғыстау; Астана – Атырау; Астана – Орал; Шымкент – Астана; Маңғыстау – Астана; Орал – Астана; Қостанай – Астана; Жамбыл – Астана; Алматы – Астана; Алматы – Астана; Қарағанды – Астана (қала маңы); Көкшетау – Астана (қала маңы); Атбасар – Астана (қала маңы).

Машина жасау – қарқынды дамыған сала

​Машина жасау саласы Қазақстанның экономикалық да­муының маңызды қозғалт­қышына айналды. Индустриалды-инновациялық даму бағдар­лама­сының алғашқы бесжылдығын жүзеге асыру барысында машина жасау еліміздегі ең қарқынды дамыған сала болды. ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің пікірінше, бұрын-соңды елімізде шығарылмаған жаңа жоғары технологиялы өнімдер пайда болды. Олар –  локомотивтер, электровоздар, жолаушылар вагондары, тікұшақтар, автокөліктер. Аталған саланы жан-жақты дамыту үшін жыл сайын Қазақстан машина жасаушыларының Форумын өткізу дәстүрге айналды. Өткен жылдың қыркүйек айында әлемнің 20 елінен 100-ден астам делегат қатысып, отандық машина жасау саласын дамыту туралы келелі жиын өткен болатын. Бұл салада шетелдік майталман мамандармен тәжірибе алмасу біз үшін ауадай қажет. Соңғы жылдары осы саладағы өндіріс көлемі төмендеген, бірақ төмендеу қарқыны біртіндеп баяулап келеді. 2015 жылмен салыстырғанда негізгі өнім түрлеріндегі өндіріс көлемі біршама артқан. Мәселен, жүк автокөліктері, тіркемелі жүк вагондары, электрлі трансформаторлар мен конденсаторлар, талшықты оптикалық кабель және аккумулятор өндірісінде өсім бар.

Екі ел арасындағы автомобиль қатынасы жанданады

Әзірбайжан Республикасына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың ресми сапары барысында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге қол қойылды. Құжатқа Әзірбайжанның Экономика министрі Шахин Мустафаев пен Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек қол қойды. Келісім Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы  арасындағы халықаралық автомобиль қатынасында жүктердің тасымалын, олардың аумақтары арқылы транзитті, сондай-ақ осындай тасымалдарды орындауға жоғарыда аталған мемлекеттерде тіркелген тасымалдаушылар жүзеге асырады. Келісімнің мақсаты – екі ел арасындағы халықаралық автомобиль қатынасын дамыту және өзара тиімді тасымал нарығын қалыптастыру. Сондай-ақ, транзиттік тасымалдарға және үшінші елдерге немесе елдерден тасымалға рұқсат жүйесін енгізу көзделген. Қол қойылған құжат ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін береді және екі ел арасында автокөлікпен жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік жасайды. Келісім күшіне енгеннен кейін екі жақтың тасымалдаушылары Қазақстан – Әзірбайжан автотасымалдау нарығын белсенді түрде игере бастайды. Ал оның тиісті ережелерін қолдану тараптар үшін пайдалы болмақ. Жүк тасымалдары көлемінің жыл сайынғы өсу динамикасына тоқталсақ, 2016 жылы жүк тасымалдар көлемі 6,1 мың тоннаны құраса, сонымен қатар соңғы 5 жылда тасымалдар көлемі 3,2 мың тоннаға немесе 52 пайызға артқан.  

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары