Әзербайжанның мәдени астанасы – Шуша қаласында «Көпполярлы әлемдік тәртіп: геосаяси аспектілері мен жаһандық сын-қатерлер» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
«Yeni Azərbaycan» партиясы ұйымдастырған форумда әр түрлі мемлекеттің саясаткерлері, сарапшылары мен партия өкілдері бас қосты. Қазақстан делегациясын «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек бастап барды.
Дәулет Кәрібек «Ұлттық егемендік, өңірлік ынтымақтастық және жаһандық қауіпсіздік: жаңа дәуірдің саяси парадигмалары» панельдік сессиясында сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық саясаттағы байыпты бастамаларының маңызын, оның жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға, экономикалық және сауда дипломатиясын дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
«Келісім мен диалогқа ұмтылыс Қазақстанның сыртқы саясатына ғана емес, еліміздің ішкі саясатына да тән екенін айрықша атап өткім келеді. Қазақстан жаңа дәуірде жаңа даму жолына бет бұрды. Біздің елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен түбегейлі саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалар жүзеге асырылып жатыр. Президент реформалары халқымыздың жан жақты және кең қолдауына ие болды. Қазақстандағы оң өзгерістерді халықаралық ұйымдар мен беделді сарапшылар да мойындап отыр», – деді ол.
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы халықаралық байланыстарды нығайтудағы саяси партиялардың рөліне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, саяси партиялар мемлекеттер мен халықтарды жақындастыруда маңызды рөл атқарады, ал партияаралық диалог мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
Мәселен, былтыр «AMANAT» партиясы мен «Yeni Azərbaycan» партиясы арасында өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл қадам екі мемлекеттегі саяси партиялардың диалогын жандандыруға жол ашып, мемлекетаралық қатынастардың достық және тату көршілік рухында дамуына серпін берді.
Конференция барысында Дәулет Кәрібек жаһандық сын-қатерлерге тоқталды. Олардың қатарында: халықаралық қақтығыстар санының артуы, климаттың өзгеруі, гуманитарлық апаттар мен технологиялық трансформациялар бар. Сондай-ақ халықаралық деңгейде жастар ынтымақтастығын дамыту, цифрлық өзара іс-қимылды нығайту және гуманитарлық күн тәртібін кеңейту жолдары талқыланды. Қазақстан тарапы «жаһандық сын-қатерлердің алдын алудың жалғыз жолы – ашық диалог пен өзара сенім» екенін атап өтті.
Сонымен қатар Қазақстан делегациясы көрнекті мемлекет қайраткері, Әзербайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің рухына тағзым етті. Сондай-ақ 1990 жылғы қайғылы оқиғаның құрбандары мемориалына – Шаһиттер аллеясына гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Осылайша, Қазақстан тарапы әзербайжан халқының тарихына және табандылығына ерекше құрмет көрсетті.
Айта кетейік, форум жұмысына Беларусь, Болгария, Солтүстік Кипр, Сербия, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан және Украина мемлекеттеріндегі саяси партиялардың өкілдері де қатысты.