Актер Нұржан Төлендиев өзінің неге үлкен фильмдерге түспегені туралы сұраққа жауап берді. Бұл туралы ол ҚызықTimes бағдарламасында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz. Айтуынша, мәселе шақырған жобалардың аздығында емес, керісінше, шын көңілден сеніп, кірісуге тұрарлық сценарий әлі кездеспеген.
«Енді басы бар, аяғы бар, бір мәні бар киноға түссем бе деген арманым бар. Шыны керек, жас емеспіз енді. Елуге таяп қалдық. Ендігі түскім келетін кино – басы бар, аяғы бар, мән-мағынасы бар дүние болуы керек. Өйткені жай рөл үшін киноға түсіп, жұртты қызықтыру қиын. Бір рөлің екіншісіне ұқсап кетсе, көрермен де сенбейді. Әсіресе қазіргі қазақ киносы жақсы қарқын алып келеді. Халық аптасына бір жаңа отандық фильм көріп жүр. Бұрын шетелдің киносына ғана баратын едік, қазір қазақтікіне де билет алатын болдық. Сондықтан актер ретінде сен де жауапкершілікпен қарағың келеді», – дейді ол.
Өнер иесі қазіргі отандық жобаларды көріп жүр екен. Ол жақында көрген фильмдердің бірі "Бажалар" екенін айтты.
"Бажаларыңды" көрдім. Ең қызық жерін айтайын ба? Ең қызық жері – Сабинаның шыққан жері", – деді ол әзілмен.
"Жалпы біздің актерлердің ішінде мықтысы көп. Бірақ штампқа түсіп қалу – үлкен қауіп. Әрине, сценарий көңілімнен шықса – неге түспеске? Қазақстандық кино болсын, шетелдікі болсын – шақырса, барамын. Бірақ шетелдікі деп жанұшырып, "лез го" деп жүгіретін жас емеспіз», – деп өз ойын шынайы жеткізді актер.