Астанаға жақында ғана келген көк вагондар арнайы техника көмегімен рельстерге орнатылып жатыр. Олар қыркүйекке жоспарланған сынақтық іске қосуға дайындалуда, деп хабарлайды turkystan.kz.
Елордаға жеңіл рельсті көліктің алғашқы екі құрамы жеткізілді. Әрбір құрам төрт вагоннан тұрады және олар арнайы жабдықталған автотрайлерлермен жеткізілді.
"Вагондар Қытайдың Таншань қаласында өндірілген. Автокөлікпен жеткізу Қытай мен Қазақстан аумағы арқылы өтетін, ұзындығы 5 300 шақырымнан асатын маршрутпен жүзеге асырылды. Барлық жол 10 күнге созылды. Вагон бөліктерін автотрайлер платформаларына тиеу зауытта крандардың көмегімен жүргізілді", — деп хабарлады қалалық көлік жүйесінде.
Қалалық көлік жүйесінің мәліметінше, ұзындығы 60 метрге жуық пойыздар толықтай автоматтандырылған GOA 4 жүйесімен жабдықталған. Бұл жүйе пойыздардың есіктерін өздігінен ашып-жабуға, тоқтауға және жылдамдықты арттыруға, депоға кіріп-шығуға, вагондардың жай-күйі мен арақашықтығын бақылауға мүмкіндік береді. Басқару жүйесі толықтай пилотсыз, алайда операторлар олардың жұмысын үнемі бақылап отырады. Жолаушылардың жайлылығы мен қозғалыс сапасын арттыру үшін вагондар өндірісінде заманауи, жеңіл және берік материалдар пайдаланылған.
Жылжымалы құрамның жалпы техникалық сипаттамалары:
ұзындығы: 59,97 м,
ені: 2,8 м,
биіктігі: 3,8 м,
қуат көзі: үшінші рельс, 750 В,
сыйымдылығы: 600-ден астам жолаушы,
ең жоғары жылдамдық: 80 км/сағ,
орташа пайдалану жылдамдығы: 39,5 км/сағ,
салмағы: 94 т (жолаушыларсыз).
Вагондарды сатып алу және жеткізу EPC-шарт аясында жүзеге асырылды, қосымша бюджет қаржыландыруы қажет болмады.
Еске сала кетейік, биылғы жылдың қыркүйек айында техникалық іске қосудан кейін ЛРТ-ның жолаушылар тасымалына арналған толыққанды іске қосылуы 2026 жылдың көктеміне жоспарланып отыр.