Қытайда ұлттық бірыңғай емтихан гаокаоның басталуына байланысты елдегі жасанды интеллект жүйелері мектеп оқушыларына көмек көрсетуді уақытша тоқтатты, деп хабарлайды turkystan.kz fortune.com-ға сілтеме жасап.
Qwen, Doubao және Kimi атты танымал нейрожелілер 7 маусымнан бастап қолданушылар жіберген фото арқылы тапсырмаларды танымайды және сұрақтарға жауап бермейді.
Олардың жауабы бірдей: «Кешіріңіз, бұл – әділетсіз. Бұл функция 7-10 маусым аралығында қолжетімсіз».
Мұндай шектеу білім саласындағы әділдікті сақтау мақсатында енгізілген. Еске сала кетейік, гаокао – Қытайдағы ең маңызды және күрделі ұлттық емтихан, оның нәтижесі бойынша оқушылар жоғары оқу орындарына түседі.
Бұл шешімді елдің интернет қауымдастығы екіжақты қабылдады: бір тарап оны адалдыққа бағытталған қадам деп бағаласа, екіншісі жасанды интеллектке тым қатты сенім артып кеткен білім жүйесін сынға алды.