«Шизофрения симптомы бар»: Әжетханаға 3 жасар баланы итеріп жіберген 16 жастағы қыз жауапқа тартылмайтын болды

«Шизофрения симптомы бар»: Әжетханаға 3 жасар баланы итеріп жіберген 16 жастағы қыз жауапқа тартылмайтын болды
фото famt.ru

Түркістан облыстық соты Сіргелі ауылында 3 жасар Асылымды дәретханаға лақтырып жіберді деп айыпталған 16 жастағы ауыл тұрғынына қатысты қылмыстық істі қарады.

Тергеу органы 16 жастағы қыз жас баланы өлтіру, жас баланы өлтіруге оқталу баптары бойынша айып таққан.

Сот ісі 3 эпизод бойынша қаралды.

16 жастағы қыз 2024 жылдың 16 мамыр күні сағат 09:30 шамасында, Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Сіргелі ауылында, тұрғылықты мекенжайында орналасқан жер үйінің ауласында, әжетхана шұңқырына көрші үйдің 2021 ж.т. жәбірленуші Л.-ны күштеп тастап, оны қасақана өлтірген.

Араға екі ай салып, 13 шілде күні, сағат 20-00шамасында, өзінің тұрғылықты мекенжайында орналасқан жер үйінің ауласында, әжетхана шұңқырына, басқа көрші үйдің 2019 ж.т. жәбірленуші М.-ді қасақана тастап өлтірмекші болған.

"Сот 2024 жылдың тамыз айындағы кешенді сот-психиатриялық-психологиялық сараптамасының қорытындысына сай С. «Шизофрения симптомдары қабаттасқан жіті полиморфты психоздық бұзылу» түріндегі созылмалы психикалық аурумен ауырады. Оқиға болған кезде С. психикалық ауру жағдайында болған, ол қылмыстық іс үшін маңызды болған іс-әрекеттерді дұрыс қабылдай алмаған және олар туралы көрсетулер бере алмайды,–  деген тұжырымын назарға алып, қайталама сараптама тағайындаған.

2025 жылы сотпен тағайындалған қосымша кешенді сараптамаға сәйкес, бірінші сараптама қорытындысыбойынша қорытынды өзгеріссіз қалған.

Сот ҚК-нің 16-бабын яғни, психологиялық ауру кезінде қоғамға қауіпті әрекет жасаған адам қылмыстық жауаптылыққа тартылуға жатпайтынын ескеріп, қоғамға қауіпті іс-әрекетті ақыл-есі дұрыс емес күйде жасаған адам ретінде танылып, қылмыстық жауаптылықтан босатылып, оған интенсивті байқайтын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық станционарда медициналық сипаттағы мәжбүрлеп емдеу шаралары тағайындады", – делінген соттың хабарламасында.

Қаулы заңды күшіне енді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары