«AMANAT»: Ерекше қажеттілігі бар адамдардың тұрмысын жақсарту – басым бағыт

«AMANAT»: Ерекше қажеттілігі бар адамдардың тұрмысын жақсарту – басым бағыт
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Ерекше қажеттілігі бар адамдардың тұрмысын жақсарту – партияның сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі. «AMANAT» партиясы бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізуде. Инклюзивті саясат тұжырымдамасының жүзеге асырылу барысы «AMANAT» партиясы жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың инклюзиясы жөніндегі республикалық кеңес отырысында талқыланды.

Кеңес төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева атап өткендей, бірінші кезекте қолжетімді, жайлы әрі шынайы инклюзивті әлеуметтік орта құрып, ерекше қажеттілігі бар балалар мен ересектердің тұрмысын жақсарту қажет. Инклюзия саласындағы мамандарды даярлауға, мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға, сондай-ақ партияның сайлауалды бағдарламасында көзделгендей, оңалтудың техникалық құрал-жабдықтар паркін құруға және дамытуға ерекше назар аудару керек.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев бүгінге дейін жүзеге асырылған негізгі бастамаларға тоқталды. Олардың қатарында – оңалту мекемелерінде жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу, өндірісте зардап шеккен адамдардың әлеуметтік кепілдіктерін қайта қарау, БҰҰ Конвенциясына сәйкес, мүгедектердің құқығы туралы терминологияны жаңарту сынды жұмыстар атқарылды. Инватакси қызметін реттеу жұмысына түзетулер енгізілуде. Мәселен, инватакси ақысын әлеуметтік қызметтер порталы арқылы төлеу мүмкіндігі назарға алынды.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қалалық ортаның қолжетімділігін бағалау жұмысының жаңа тәсілдері әзірленуде. Болашақта мұндай бағалау қызметін тәуелсіз сараптамалық ұйымдарға беру жоспарланып отыр. Бұл қадам бағалау жұмысының шынайылығы мен сапасын арттыруға тиіс. Сонымен қатар арнайы әлеуметтік қызметтер стандарты жаңартылып, медицина, білім беру, мәдениет және спорт салаларын қамтитын «Социум» цифрлық жүйесі енгізілуде.

«Арнайы қызмет көрсететін мекемелерді лицензиялауға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде 91 мыңнан астам адам көмек алатын ұйымдардың 95%-ында лицензия бар. Оңалту жұмысының цифрлық күнделігі енгізілуде. Бұл қадам ата-аналарға көп мүмкіндік береді. Яғни олар мамандардың қашықтан көмек көрсетуі арқылы балаларын оңалта алады. Пилоттық жоба төрт өңірде жүзеге асырылуда», – деді Асқарбек Ертаев.

Сондай-ақ курортта емделу қолжетімсіздігі, маусымдық шектеулер мен білікті мамандар жетіспеушілігі мәселелері талқыланды. Техникалық құралдарды жалға беру моделін енгізу қарастырылуда. Бұл қадам оның сенімділігін арттыруға және уақтылы ауыстыру жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жұмыс орындарын квоталау тәсілдері, мүгедектігі бар адамдардың жұмысқа орналасуына жағдай жасамайтын жұмыс берушілерге өтемақы жарналарын енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұған қоса, осы саладағы квазимемлекеттік сектор мен жүйе құраушы кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейту бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Оны бір жиналыс аясында қарастыру мүмкін емес. Көп проблема бар. Қайталап айтайын: оларды шешу үшін кешенді тәсіл керек. Бір ведомствоның емес, барлық министрліктің қатысуы, сондай-ақ азаматтық қоғамның белсенді атсалысуы қажет», – деп түйіндеді Наталья Дементьева.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары