Алматыдағы халықаралық форумда Орталық Азиядағы биоалуантүрлілікті сақтау мәселелері талқыланды

Алматыдағы халықаралық форумда Орталық Азиядағы биоалуантүрлілікті сақтау мәселелері талқыланды

ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы 5 маусымЭкологтар күніне арналған «Орталық Азиядағы биоалуантүрлілікті сақтау мәселелері мен перспективалары» атты халықаралық форум өткізді.

Форум жұмысын Ұлттық ғылым академиясының президенті А.Күрішбаев аша отырып, өз сөзінде, Орталық Азиядағы биологиялық әртүрлілікті сақтау бойынша Академияның ұстанымын айтып онымен байланысты тәуекелдерді басқаруға бағытталған ғылыми негізделген нақты шараларды ұсынды.

"Қазақстан үшін биологиялық алуантүрлілікті сақтау дегеніміз – бұл ұлттық қауіпсіздік, орнықты даму және болашақ ұрпақтың әл-ауқатын жоғарылату мәселелерінің негізі. Бүгінгі таңда қазақстандық фауна мен флораның көптеген бірегей түрлері жойылып кету қаупінде тұр. Биоалуантүрлілікті жоғалтудың басты себебі – инфрақұрылымның кеңеюі, тау-кен өндірісінің қарқынды дамуы, урбанизация және басқа да антропогендік жүктемелердің әсерінен өсімдіктер мен жануарлардың тіршілік ортасының жойылуы. Сонымен қатар, климаттың жаһандық өзгерістері бұл мәселені одан әрі ушықтыра түседі: Орталық Азия тауларында мұздықтар жылдам еруде, шөлейттену күшейіп келеді, ауа райының экстремалды құбылыстары жиілеп барады", – деді академия президенті Ақылбек Күрішбаев.

Іс-шарада ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Е.Нысанбаев, сондай-ақ ҚР Президентінің экологиялық ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі З.Сүлейменова негізгі мәселелер бойынша сөз сөйледі. Олар өз баяндамаларында биологиялық әртүрлілікті сақтау – экологиялық қауіпсіздіктің, жерді тұрақты пайдаланудың және өңіраралық ынтымақтастықтың ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Сонымен қатар, табиғатты қорғаудың ғылыми-тәжірибелік негізін нығайту, трансшекаралық экологиялық бастамаларды дамыту, сондай-ақ Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия өңірінің бірегей экожүйелерін ұзақ мерзімді қорғауға бағытталған Биологиялық әртүрлілік қорын қоса алғанда, жаңа қаржылық және институционалдық тетіктерді қалыптастыру қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Нобель сыйлығының лауреаты Риккардо Валентини өз сараптамалық пікірін ортаға салды. Ол экологиялық қауіп-қатерлерді ерте анықтау және климаттық әрі антропогендік әсерлердің биологиялық әртүрлілікке тигізетін салдарын жұмсарту үшін көпдеңгейлі мониторинг жүйелерін дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Дрезден техникалық университетінің профессоры Маттиас Крамер биоалуантүрлілік пен экожүйелік қызметтер туралы баяндама жасады. Ол экожүйелердің тұрақтылығын бағалаудағы жаңа тәсілдермен бөлісіп, экожүйелік қызметтердің осалдығына және табиғи кешендердің тұрақтылығын кеңістіктік тұрғыдан бағалаудың маңыздылығына ерекше назар аударды.

Небраска–Линкольн университетінің профессоры Эндрю Зимброфф университеттің пәнаралық зерттеулері мен халықаралық академиялық ынтымақтастығы тәжірибесімен бөлісіп, биологиялық әртүрлілікті сақтауға арналған интегративті тәсілдер туралы әңгімеледі.

Сарапшылар Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің бірегей экожүйелік әлеуетке ие екенін және аймақтың биологиялық әртүрлілігінің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Форумға сонымен қатар БҰҰДБ, ЮНЕСКО, ФАО және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылары, Ресей, Германия, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан және басқа елдердің жетекші шетелдік ғалымдары, сондай-ақ жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, жас ғалымдар, Қазақстанның экология және табиғатты қорғау саласындағы мамандары қатысты.

Іс-шара барысында биологиялық әртүрлілікті сақтау бойынша келесі негізгі маңызды мәселелер талқыланды:

1. Орталық Азиядағы биологиялық әртүрлілікті сақтау және тұрақты даму мәселелері.

2. Сирек және эндемикалық өсімдіктер түрлерін (соның ішінде Сиверс алмасын) сақтау.

3. Биологиялық әртүрлілікті қорғауда ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың рөлі.

4. Орталық Азиядағы жануарлар әлемін қорғау.

5. Экотуризм – биологиялық әртүрлілікті сақтаудың құралы ретінде.

6. Экологиялық білім беру және ағарту.

7. Биологиялық әртүрлілікті мониторингтеу мен қорғауда ГАЖ-технологияларды пайдалану.

Форум аясындағы көрмеде көпфункционалды мобильді SIGMA кешені (кеңістіктік мониторинг пен геotalдау жүйесі) таныстырылды - бұл табиғи және антропогендік үдерістерді кеңістіктік-уақыттық талдау үшін арналған цифрлық платформа. Ол экология, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, климат, биологиялық әртүрлілік және басқа да салалардағы мониторинг пен болжауға арналған. Аталған платформа ҚР ҰҒА мен Қытайдың ғылыми институттары арасындағы бірлескен зертхананың аясында белсенді түрде пайдаланылатын болады және ол биологиялық әртүрлілікті сақтау, жердің тозуын бақылау, апаттардың алдын алу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жобаларда қолданылады.

Форум биологиялық әртүрлілікті сақтау, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, ғылыми зерттеулер мен білім беру бастамаларын қолдау ісінде мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіру жолындағы маңызды қадам болды.

Халықаралық форумның қорытындысы бойынша бүгінгі талқылау барысында ұсынылған негізгі ұсыныстар, бастамалар мен биологиялық әртүрлілік мәселелерін шешу жолдары қамтылатын қарар әзірлеу туралы шешім қабылданды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары