Семей қаласында «AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының кезектен тыс XI конференциясы өтті. Іс-шара барысында ашық дауыс беру арқылы Айдар Садырбаев партияның өңірлік филиалының төрағасы қызметіне сайланды.
Конференция жұмысына «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев, өңірлік филиал мүшелері, партияның аумақтық филиалдарының төрағалары мен атқарушы хатшылары, мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының белсенділері, сондай-ақ «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты.
Конференцияның күн тәртібіне сәйкес, жаңа төраға сайланды. Бұл лауазымға бұған дейін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарған Айдар Садырбаев лайық деп танылды. «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев оның мол тәжірибесі мен осыдан үш жыл бұрын құрылған өңірдің өзіндік ерекшелігін терең білуі партия жұмысына тың серпін беретініне сенім білдіріп, сәттілік тіледі.
Партия Хатшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысын құру туралы шешім қабылдай отырып, тарихи әділдік орнатқанын және бұл қадам жергілікті тұрғындардың өтініш-тілегіне берілген жауап болғанын атап өтті. Бұл шешім инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы және адами капиталды қоса алғанда, аймақтың жүйелі дамуына сенімді серпін берді. Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, Абай облысында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүйелі жүзеге асыру – Президент шешімінің мәні мен мазмұнын әр тұрғын сезіне алатын нақты нәтиже ретінде жеткізу жолы.
«Сайлауалды бағдарлама – бұл жай ғана құжат емес, халық мақұлдаған нақты іс-қимыл жоспары. Абай облысында шамамен 360 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтерді, 3 жайлы мектеп ашылды, 15 ауыл таза ауыз сумен қамтылды, 62 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны салынды және өзге де игі бастамалар қолға алынды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты қоғамдық тірегі ретінде «AMANAT» партиясының негізгі міндеттерінің бірі – Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құру бағытындағы байыпты бастамаларын жүйелі жүзеге асыру. Біздің міндетіміз – ел азаматтарының сенім үдесінен шығып, табанды қызмет ету. Ол үшін партияның әрбір мүшесі адал әрі белсенді жұмысы істеуі қажет. Біз жасандылыққа жол бермейміз. Біздің мақсатымыз – нақты нәтижелерге қол жеткізу», – деді ол.
Абай облысы мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Шағангүл Жанаева былтыр атқарылған жұмыс туралы баяндады. Ол барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партиядан сайланған 122 депутаттың әрқайсысына сайлауалды бағдарламаның нақты тармақтары бекітілгенін атап өтті.
«Біз 638 рет іссапарға шығып, 215 депутаттық сауал жолдадық. Әкімдердің, олардың орынбасарларының, басқарма басшыларының проблемалық мәселелер бойынша баяндамаларын тыңдадық. Нақты нәтижелер де бар. Алайда сумен жабдықтау, ұзаққа созылған құрылыс жұмысы, мердігерлерді жіті қадағаламау сынды проблемалық мәселелер де аз емес. Мұндай жағдайда біз мәслихаттың және партияның барлық ресурсын пайдалана отырып, мәселенің оң шешілуіне қол жеткізудеміз», – деді ол.
Бүгінде халық қалаулылары Семей қаласында және Правый Восточный ауылында салынып жатқан екі мектеп құрылысын ерекше бақылауда ұстауда. Сондай-ақ Үржар ауылында амбулатория құрылысы аяқталуда. Сонымен қатар Бородулиха ауылы мен Курчатов қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді. Ал Қалбатау ауылында жаңа стадион ашылды. Қосымша 8 мәдени нысанда күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді.
Айта кетейік, бүгінде Абай облысында 29 мыңнан астам адамды біріктіретін 137 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді.