Табиғат – адамзатқа ортақ құндылық. Оның тазалығы мен тұтастығы – ұрпаққа аманат. Осы ұранды ұстанған «AMANAT» партиясы 5 маусым – Эколог күні қарсаңында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын еліміздің барлық аймағында ауқымды түрде ұйымдастырды. Акция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» ұлттық жобасын қолдау және қоршаған ортаға деген қоғамның жанашыр көзқарасын қалыптастыру мақсатында өтті.
Қызылорда облысында Сыр өңірінің барлық аумағында тазалық жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Игі іске үлес қосқан аралдық аманаттықтар бүгін аудан орталығындағы «Балықшылар аллеясы» аумағына тазалық жүргізді. Акцияға аудандық мәслихаттағы фракция мүшелері, партияның аудандық филиалының қызметкерлері, бастауыш партия ұйымдарының белсенді мүшелері және «Жастар Рухы» ЖҚ мүшелері қатысты.
«Шыны керек, арнасы кепкен Аралдың экологиялық зардабын көбірек тартып отырған біздің өңір үшін бұл балықшылар аллеясының маңызы зор. Кезінде елге нәпақа, тіршілік нәрі болған теңіз суалып, өңірімізде экологиялық ахуал күрт өзгерді. Бүгінгі дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнінде барша азаматтарды табиғатқа қамқорлық танытуға шақырамын», – деді мәслихаттағы фракция мүшесі Нұрсәуле Ембергенова.
Дәстүрлі тазалық жұмыстары бүгін Ұлытау облысы Кеңгір су қоймасының жағалауында да жүргізілді. Іс-шараға «AMANAT» партиясының Ұлытау облыстық филиалы, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы және Қазақстан халқы Ассамблеясының Ұлытау облыстық филиалының жастарын қоса алғанда, барлығы 50-ден астам адам қатысты.
«Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні және таза бейсенбі акциясы аясында қала тұрғындарының демалатын орындарының бірі жағалауды тазаладық. Бүгін келіп шашылған қоқыстарды көріп, көңіліміз түсті. Тазалық алдымен әр адамның өзінен басталатынын айтқым келеді. Бүгін жағалаудың бір жақ бетінен 50 қапшықтан астам қоқыс шығардық. Демалуға келген тұрғындар ішкен сусындарын, жеген тағам қалдықтарын шашпай, жинап кетсе екен»,-дейді жасылелдік Алдияр Серік.
Абай облысының Үржар ауданы Ақшоқы ауылында тұрғындар мен партия мүшелері бір кісідей жұмылып, елдімекеннің кіреберісі мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазартып, тұрмыстық қалдықтар арнайы орындарға жеткізілді.
«Экологтар күні – бізге табиғат алдындағы парызымызды еске салатын маңызды күн. «Таза бейсенбі» акциясы арқылы біз тек ауылымызды емес, ойымызды да тазартып, ұрпаққа үлгі көрсетеміз. Мұндай іс-шаралар қоршаған ортаға деген жанашырлықты арттырып, елдің экологиялық санасын қалыптастыруға жол ашады. Баршаңызды табиғатты аялауға шақырамын» - деді Ақшоқы бастауыш партия ұйымының төрайымы Гүлсім Қабдолдина.
«AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Күршім өзенінің жағалауы да қоқыстан тазартылып, ретке келтірілді.
«Осы өзеннің жағасы – біз үшін тек табиғат аясындағы демалыс орны ғана емес, өміріміздің бір бөлігі. Балаларымыз осында шомылып, серуендейді. Партия мен жастардың бастамасын көріп, көңіліміз марқайды. Осындай іс-шаралар жиі болса екен», – дейді ауыл тұрғыны Шырай Тілеуканова.
Оңтүстік мегаполисте де акция кең қолдау тапты. Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында орналасқан Жолдасбеков көшесіндегі «Айна» базары маңында ұйымдастырылған тазалық жұмыстарына 30-ға жуық тұрғын, партия мүшелері мен еріктілер атсалысты. Қатысушылар сауда нүктесі маңындағы жаяу жүргіншілер жолын, аялдамаларды, жасыл аймақтарды қоқыстан тазартты.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруды мақсат еткен акцияға апта сайын Алматының барлық аудандары кезекпен қатысып келеді. Бүгінгі күні эстафетаны Наурызбай аудандық филиалы қабылдап, Шұғыла ықшамауданында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Ақмола облысының Атбасар қаласында тазалық жұмыстары Жеңіс саябағында ұйымдастырылды. Күніне орта есеппен бес мыңға жуық адам демалатын саябақтың таза қалпында сақталуы – көптің мәдениеті мен жанашырлығына байланысты. Осы орайда «AMANAT» партиясы Атбасар аудандық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты әр бейсенбі сайын еріктілерді саябаққа жинап, пластик бөтелкелер мен макулатураны іріктеп, қайта өңдеу орындарына өткізуді дәстүрге айналдырған. Экология күніне орай бүгін аудандық мәслихат депутаттары, жастар, еріктілер, экология жақтастары 12 қап пластик бөтелке жинап, оған қоса целлофан, картон қағаздарды жинады.
Ақтөбе облысының Қарғалы ауданындағы Қарабұтақ ауылында тазалық шарасы киелі мекен – «Нұрпейіс Хазрет» мешіті аумағында өтті. Мұнда ауыл тұрғындары мен партия белсенділері мешіт маңын қоқыстан тазартып, қоршаған ортаға деген құрметтің үлгісін көрсетті.
Сондай-ақ Жетісу облысында ұйымдастырылған «Таза бейсенбі» акциясы плоггинг форматында өтті. Қатысушылар Жас натуралистер станциясының аумағын қоқыстан тазартты. Айта кету керек, бұл аумақ – өсімдіктер әлемін қорғауға, қалпына келтіруге және тиімді пайдалануға бағытталған ерекше маңызы бар орын. Бұл жерде сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдіктер де өсіріледі.
«Біз бүгін киелі орынға тазалық жүргізіп қана қоймай, өңір тарихымен етене таныстық. Мәселен, Нұрпейіс Хазірет – белгілі дінбасы, қоғам қайраткері, араб, парсы тілдерін меңгерген ғұлама, ғалым болған. Хазіреттің атындағы мешіт Қарабұтақ ауылында 1898-1905 жылдары салыныпты. Жалпы бұл тазалық акциясы – табиғатқа, салт-дәстүрге, руханиятқа деген құрметтің белгісі», – деді партия мүшесі Мейіржан Жұбан.
Түркістан облысындағы тазалық жұмыстары бұл жолы Шардара ауданында жалғасын тапты. Бүгінде бұл жер жағажай туризмі дамып келе жатқан бірден-бір маңызды аймақ саналады. Жағалауда әр жылы 100 мыңнан аса адам күнге қыздырынып, суға шомылады. Туристердің саны жыл санап артып келеді. Бұл ретте демалыс орындарының таза болуы сырттан келетін және отандық туристер үшін маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.
Айта кетейік, 2025 жылдың алғашқы бес айында бұл акция ел аумағында 22 рет ұйымдастырылып, еліміздің барлық өңірлерінде өтті. 600-ден астам ластанған аумақ – саябақтар, скверлер, өзен-көл жағалаулары, Ұлы Отан соғысы батырларына арналған ескерткіштер, тарихи-мәдени маңызы бар нысандар тазартылды. 14 мыңға жуық адам атсалысып, 2000 тоннадан астам қоқыс жиналып, қайта өңдеуге жіберілді.