Ақтау қаласының маңындағы әуе апатынан қаза тапқан Хёкума Алиеваның туыстары Қазақстанға келгісі келеді, деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл туралы Teleqraf басылымына Әзербайжанның Ұлттық қаһарманы Хёкума Алиеваның ағасы Джошгун Насибли мәлімдеді.
Оның айтуынша, олар оқиға болған сәттен бастап бұл аумаққа бармаған.
— Қашан баратынымыз әзірге белгісіз. Бір айта алатыным — бірінші мүмкіндік туған сәтте Ақтауға аттанамыз. Бұл – біздің жоспарымызда бар. Ол жаққа тек Хёкуманың туыстары мен отбасы мүшелері барады, – деді ол.
Еске салайық, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бағыт алған Azerbaijan Airlines (AZAL) компаниясына тиесілі ұшақ Қазақстанның Ақтау қаласы маңында апатқа ұшырап, 39 адам қаза тапқан еді.
Әзербайжан Республикасы Президенті Ильхам Әлиевтің 2024 жылғы 29 желтоқсандағы Жарлығымен Хёкума Алиева қызметтік міндетін атқару кезінде көрсеткен жоғары кәсібилігі, ержүректігі мен жанқиярлығы, сондай-ақ әуе апаты кезінде жолаушылардың өмірін сақтап қалуға бағытталған әрекеттері үшін «Әзербайжанның Ұлттық қаһарманы» атағына қайтыс болғаннан кейін лайық деп танылып, оған «Алтын жұлдыз» медалі табысталған.