Алматыда апта сайын өтетін жәрмеңкелерде тауарлар 15-20 пайызға арзан сатылады – маман

/
Алматыда апта сайын өтетін жәрмеңкелерде тауарлар 15-20 пайызға арзан сатылады – маман
almaty.tv/kz

Жыл басынан бері Алматыда 40-тан астам жәрмеңке өткізілген. Онда 10 мың тоннадан астам азық-түлік өнімдері сатылған,  деп хабарлайды turkystan.kz Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматыда апта сайын өтетін жәрмеңкеде ең көп сұранысқа ие тауарлар – ет, сүт өнімдері және көкөністер. «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Азық-түлікпен қамтамасыз ету және сауда департаментінің бас менеджері Нұрлан Әуесбаевтың айтуынша, оңтүстік астанада мұндай жәрмеңкелерді өткізудің маңызы зор.

«Мұндай жәрмеңкені өткізудегі басты мақсат – ондағы тауарлар басқа дүкендерге қарағанда 15-20 пайыз арзан сатылады. Екіншіден, Үкімет бекіткен қоғамдық маңызы бар тағам түрлері бар. Біз сонда оларды сатамыз. Фермерлер, ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері өз өнімдерін жәрмеңкеге сенбі-жесенбі алып келіп, қаладағыларға арзан бағаға сатамыз», – дейді Н.Әуесбаев.

Оның айтуынша, қаладағы кәсіпкерлік басқарма ай сайын бағаны өздері бекітіп береді.

«Олар қоғамдық маңызы бар тауарлардың бағасын бекітеді. Одан басқа, сатушылар өз қолдарымен өсірген заттарын 15-20 пайызға арзанға сатуға тырысады. Біз мұның бәрін әр жәрмеңке сайын қадағалаймыз», – дейді маман.

Жәрмеңкелер бұған дейін Алматының 4 ауданында, атап айтсақ, Әуезов, Алмалы, Бостандық және Медеу аудандарында өткізілген. Жуырда бұл қатарға жаңадан ашылған Алатау ауданы қосылды.

«Біздің тізімде 321 кәсіпкер бар. Олар біздің корпорацияның сайтына кіріп, тіркеледі. Сосын біз оларды жіті тексереміз, шаруа қожалықтары бар, жоқ па, соны анықтаймыз. Содан соң куәліктерін тексереміз. Содан кейін комиссия шешеді», – дейді Н.Әуесбаев.

Сонымен қатар ол сатылымға қойылатын тауарлардың жарамдылығын жіті қадағалайтынын тілге тиек етті.

«Әр сенбі-жексенбі әр аудандағы ветеринар мамандар таңғы бестен жәрмеңке өтетін жерге барып, тоғызға дейін барлық өнімді тексереді. Сосын ғана сатуға рұқсат береді. Мерзімі өткен тауарлар болса, алып тастайды», – дейді  маман.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары