Бірер күн бұрын Қаржылық мониторинг агенттігі Аmanat-Drive қаржы пирамидасының қызметін әшкерелеген болатын, деп жазады turkystan.kz.
Осы орайда белгілі журналист Гүлмира Әбіқай танымал екі адамның осы қаржы пирамидасына қатысы бар екенін айтып, сынға алды. Ол екі адамның бірі – Балғынбек Имашев болса, екіншісі – Нұрсейіт Жылқышыбай.
«Аmanat-Drive тұтынушы кооперативі ретінде 2020 жылы Астана қаласында құрылған. Жарғыда 19 қызметкері бар, төрағасы Көңілбай Шүкенов деп көрсетіліпті. Шүкеновты өмірде тірідей көрмеппін, дегенмен “бәленшеге тегін көлік сыйлапты, үй беріпті” деген мәрттігі лента беттерін бермейтін. Оу баста “Amanat Home” деп аталған компания кейін 2-ге бөлініп, бір-бірімен 40 пышақ болып жатқанын да желіден оқыдым. Қысқасы, 4 жылда пайызсыз үй мен көлік аламын деген 8 мың адам бұл кооперативке 21 миллиард теңге құйып тастапты. Жарнамасы жер жарған негізгі қызметтің азғантай бөлігі ғана орындалған. Көбіне үй мен көлік кооператив жетекшілерінің өз таныс-туыстарына берілген. Оның өзі жалған құжаттармен рәсімделгені анықталып отыр. Жарнамалық қызмет, сараптама, тұрғын үй мен көлік саласын болжамдау сынды жөнсіз шараларға жалған құжатпен біраз ақша бөлініп, сыртқа шығарылған. 21 миллиардтың 1,8 млрд теңгесін қолма-қол ақшаға айналдырып үлгеріпті. Бұл сомаға коттедж, Астанадан пәтерлер сатып алынып, Hummer H2, Lexus LX 570 сынды қымбат автокөліктер алынған. Қылмысын жасыру үшін Көңілбай мырза өзіне емес кооперативтің сенімді өкілдерінің атына рәсімдеген», – дейді журналист.
Бұл қаржы пирамидасына қатысты істе Балғынбек Имашев пен Нұрсейіт Жылқышыбайдың аты-жөні де қылаң беріп отыр. Көңілбай Шүкенов Нұрсейітке қымбат көлік мінгізген.
«Оқиға арасында әйгілі айтыскер ақын Балғынбек Имаштың фамилиясы қылаң береді. Бұл ақынның да басын сұқпайтын тесігі жоқ екен деп ойладым. Өткенде Астанадағы жоқ базардан орын сатып, басы дауға қалып еді. Маған жылап сұхбат берген әйелге “Өлләхи біллахи, міне мартта берем, ақша болмаса үй әперемін” деп еді, қазір маусым болды, түк жоқ. Сол баяғы қызыл сөз, құрғақ уәде. “Балғынбектің базары” #даудамайсыз бағдарламасының келесі маусымында жалғасын табады. “Amanat Drive” келсек, кезінде су жаңа көлікті хабарына шақырған журналистке сарт еткізіп сыйға тартқан К. Шүкенов қазір қамауда, тергеу басталды. Енді Жылқышыбай жүрген шығар “көлікке мініп алып қарай берем, ішінде нақақ көзден жас бар ма деп”? Түсінгенім, бізге еш нәрсе сабақ болмайды екен», – деп жазады журналист.