Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Вячеслав Кимге "First Heartland Jusan Bank" акционерлік қоғамының ірі (жанама) қатысушысы мәртебесін алуға ресми түрде келісім берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл дегеніміз, Қазақстанның Forbes тізімінде 7,1 миллиард долларлық байлығымен көш бастап тұрған Ким енді екі ірі банкке иелік ететін болады.
Реттеуші органның мәліметінше, мәміле "Банктер және банк қызметі туралы" Заңның 17-1-бабына сәйкес қаралды. Ірі қатысушы мәртебесін тек уәкілетті органның жазбаша келісімімен ғана алуға болады.
Jusan Bank — Қазақстанның екінші деңгейлі ірі банктерінің бірі. 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша оның активтері 3,2 трлн теңгені, меншікті капиталы 900 млрд теңгені құрайды. Банк активтері бойынша 6-орында, несие портфелі көлемі бойынша 8-орында тұр.
Кимнің Jusan банкінің бақылау пакетін сатып алуға ниетті екені ақпанда айтылған еді.