29 мамырда Алматыда көпқабатты үйдің терезесінен құлап, мерт болған Ақнәр Гүлстанның қазасына қатысты баспасөз жиыны өтті. Адвокат Инга Иманбай мен марқұмның анасы қылмыстың алдын ала жоспарланып, қасақана жасалғанын дәлелдейтін тың материалдар ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Адвокат Инга Иманбай әлеуметтік желіде марқұм Ақнәрге қатысты түрлі мәліметтер, қарсы тараптың уәжі жарияланып жатқанын айтты.
“Бұл істі қолға алғалы қылмыстың түрлі тұстары ашылып жатыр. Ақнәрға қатысты қылмыс болған күні екі қыздың жанында сыбайласы болғаны, екі қыздың іске қатысы бары қазір анықталып жатыр. 2024 жылдың 12 сәуірінде құрбысы Дидар Ақнәрді бірге тамақтануға шақырған. Екеуі бірге тамақтанып болған соң Дидар біздің үйге қона сал, жалғызбын деп айтады. Ақнәр құрбысының үйіне барған кезде Ұлбақ есімді жігіт жүргенін көреді. Сол жерде Ұлбақ марқұмға зорлықтан тыс жыныстық сипаттағы әрекет жасайды”, – дейді адвокат.