Халықаралық балаларды қорғау күніне орай еліміздің барлық өңірінен келген оқушылар Ақордада қонақ болды.
Президент резиденциясына оқу үздіктері, пән олимпиадаларының, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, спорт сайыстарының жүлдегерлері, батыл әрекетімен көзге түскен балалар барды. Ақорданың кішкентай қонақтарының қатарында көпбалалы отбасылардан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және ерекше қажеттілігі бар жеткіншектер де бар.
"Экскурсия кезінде оқушылар Ақорданың орталық салтанатты холы мен ресми қабылдаулар өткізуге арналған залдарды, мемлекет басшысының кітапханасын, сондай-ақ резиденция аумағындағы бақты аралады", - деп жазылған хабарламада.
Экскурсоводтар ғимарат құрылысының тарихы, оның ерекшеліктері мен мұнда өтетін іс-шараларға байланысты қызықты фактілер жайында мәлімет берді.
Сонымен қатар оқушыларға президент атынан естелік сыйлықтар табысталды.