Жазғы демалыста балаларды ата-әжесіне жіберу дұрыс па

/
Жазғы демалыста балаларды ата-әжесіне жіберу дұрыс па
istockphoto

Балалардың көптен күткен жазғы демалыс маусымы басталды. 90 күнді тиімді өткізу үшін не істеу керек? Үш ай жазда балаға не істеген пайдалы? KazInform тілшісі анықтап көрді.

Жаз бастала сала балалар түрлі лагерьлерге барып, уақытын көңілді өткізеді. Алайда бұл бақыт бәріне бірдей бұйыра бермейді. Өткен жолы Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие және қосымша білім беру департаментінің басқарма басшысы Алтай Рахымберлин биыл 92% оқушы лагерьмен қамтылатынын хабарлаған еді.

— Елімізде жыл бойы жұмыс істейтін 16 лагерь бар. Онда 15 мыңнан астам бала қамтылады деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, үш ай жұмыс істейтін 188 маусымдық лагерь бар. Ол жерде 160 мыңнан астам бала қабылданады деп жоспарланған. Оған қоса, 10 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерьлер оқушыларды қабылдайды, — дейді ол KazInform тілшісіне берген сұхбатында.

Ал лагерьге бармайтын балалар уақытты қалай өткізуі керек? Бұл мәселеде ата-ананың рөлі қандай? Балалар психологы жауап берді.

— Жазғы демалыс кезінде ата-аналар баланың күн тәртібін толық жоспарлап тастауға тырысады. Бірақ бұл кезең — бала үшін еркіндік уақыты. Демалысты міндетке айналдыру, өмірін 100% жоспарлап, барлық уақытына араласа беру дұрыс емес. Баланың өзі қалаған іспен айналысуына, кейде тіпті жай ғана ішінің пысуына да мүмкіндік беру керек. Өйткені іш пысу — шығармашылық пен жаңа қабілеттердің бастауы. Іші пысқан сәтте бала өзімен танысады. Нені қалайтынын, қандай іспен айналысқысы келетінін түсінеді. Баланың өзімен болуға, ішкі дүниесін тыңдауға уақыты болуы тиіс. Сонымен қатар, күні бойы қараусыз қалған бала телефонға кіріп кетуі мүмкін. Бірақ оны тым қатты бақылауда ұстау да кері әсер етеді. Сондықтан тепе-теңдікті табу — басты қағида, — дейді Мөлдір Тоғжанова.

Маманның айтуынша, жазғы демалысты ауылда өткізу — ең пайдалы нұсқа. Себебі, ауылда баланың ағзасына керек бірталай дәруменді ойнап жүріп-ақ сіңіруге болады, әрі баланың психикасына оң әсер етеді екен.

— Идеал демалыс — күн сәулесі, су, таза ауа, топырақ, жеміс-жидек. Осындай орта бала психикасына оң әсер етеді. Сондықтан баланы ауылға жіберу пайдалы. Бірақ ата-әже тым көп шектеу қоймайтын, телефонда отырмайтын болса ғана. Кейбір ата-аналар баласын тек өздері ғана қарай алады деп ойлайды. Бұл — ананың шаршап, эмоционалдық күйзеліске түсуіне себеп болады, — дейді психолог.

Баланы ата-әжесіне жібермес бұрын, бұл нақты кімнің қалауы екенін де анықтап алған жөн. Өйткені психолог ата-аналар дәл осы мәселеде жиі қателік жіберетінін айтады.

— Кейде баланы ата-әжесіне жіберу — баланың емес, ата-ананың ішкі эмоциялық мәселесін шешу жолы болып кетеді. «Менің ата-анам ғой, олар ренжіп қалмасын» деген оймен ата-ана өз баласын «құрбан» етеді. Бірақ баланың өмірі ересектердің эмоциялық қақтығысын шешу құралына айналмауы керек, — дейді ол. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары