Елімізде 1 маусымнан бастап не өзгереді

/
Елімізде 1 маусымнан бастап не өзгереді
istockphoto

Жаздың алғашқы айында қазақстандықтар тағы бір діни мейрамды атап өтеді. Биыл Құрбан айт қасиетті жұмаға түсіп отыр. Оған қоса тағы екі күн демалыс болады. Жаңадан әуе және теміржол бағыттары ашылады. Ал жүк көліктеріне шектеу енгізіледі. Sputnik Қазақстан маусым айында болатын негізгі өзгерістерді ұсынады.

Абу-Даби мен Данангқа тікелей рейстер ашылады

1 маусымнан бастап Бірікке Араб Әмірліктерінің "Air Arabia Abu Dhabi" әуе компаниясы Қазақстанға тікелей рейстерді ашады. Ұшақтар "Алматы-Абу-Даби" бағытында аптасына үш рет (сейсенбі, жұма және жексенбі күндері) жолаушылар тасымалдайды. Бірінші рейс 3 маусымда орындалады.

Ал Air Astana 4 маусымнан бастап "Алматы –Дананг" бағытында тікелей рейс ашады. Вьетнамның ірі қаласына аптасына екі рет (сәрсенбі және сенбі күндері) ұшып баруға мүмкіндік болады. Билеттердің бағасы 360 701 теңгеден басталады.

Қосымша пойыздар қатынайды

Жазда теміржолмен қатынайтын жолаушылардың саны күрт көбейеді. Осыған байланысты маусымнан қыркүйекке дейін 11 қосымша теміржол бағыты ашылады. Олар:

"Алматы — Жалаңашкөл" (белгілі бір күндер);

"Астана — Достық" (аптасына екі рет);

"Алматы — Достық" (күнара);

"Семей — Достық" және "Өскемен — Достық" (күнара);

"Астана — Алматы" және "Астана — Шымкент" (күн сайын).

Бұл пойыздар қосымша 270 мыңнан астам жолаушыны тасымалдай алады.

Жүк көліктеріне шектеу енгізіледі

1 маусымнан бастап күндіз ауа температурасы +25 °C-тан жоғары болса, ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.

оңтүстік және батыс өңірлерде 1 маусым – 31 тамыз аралығында сағат 10:00 – 22:00.

солтүстік және шығыс өңірлерде 1 маусым – 15 тамыз аралығында сағат 11:00 – 21:00.

Осы шаралар жолдағы асфальтті барынша сақтау үшін қолға алынып отыр.

Қазақстандықтар Құрбан айтқа орай үш күн демалады

Маусым айында барша мұсылмандар Құрбан айт мерекесін атап өтеді. Биыл айт 6 маусымға – жұма күніне күніне түсіп отыр. Осылайша, қазақстандықтар үш күн бойы - 6-8 маусым аралығында демалады.

Қазақстандықтар биыл да қашықтықтан құрбан шала алады. Ол үшін арнайы сайт іске қосылды. Онлайн түрде құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, төлем жасайды.

"Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады", - дейді мүфтият мамандары.

Тапсырыс сәтті өтсе, ұялы телефонға хабарлама келеді.

Смартфондарды тегін верификациялау мерзімі аяқталады

Қазақстанда жеке тұлғалар үшін ұялы телефонды тегін верификациялау мерзімі 25 маусымға дейін ұзартылған болатын. Ал верификациядан өтпеген смартфондар "қара тізімге" енгізіліп, бұғатталады. Бұған дейін осы мәселеге қатысты заң күшіне енген болатын. Бірақ шектеу мерзімін маусымға дейін ұзартуға шешім қабылданды.

Бүгінде eGov Mobile мобильді қосымшасы, www.gov.kz және imei.rfs.gov.kz порталдары арқылы ұялы телефонның тіркелгенін, я тіркелмегенін тексеруге болады. Сондай-ақ нақты құрылғыға байланған нөмірлердің санын білуге мүмкіндік бар. Тіркеуді тексеру тәртібін мына жерден табуға болады.

Мектеп түлектері емтихан тапсырады

Биыл 9 және 11 сынып оқушылары үшін мемлекеттік емтихандар 29-30 мамырда басталады.

9-сыныптар: математика, таңдау пәні және екі тілдік емтихан.

11-сыныптар: Қазақстан тарихы, алгебра, таңдаулы пән және екі тілдік емтихан.

9-сыныптардың соңғы емтиханы – 10 маусымда, ал 11-сыныптар үшін 16 маусымда өтеді. Ал 18-20 маусым аралығында аттестаттар табысталады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары