Бүгін – Халықаралық балаларды қорғау күні. Қазақстанда бұл мейрам жыл сайын кеңінен аталып өтеді. Республика бойынша сан алуан мәдени-танымдық шаралар ұйымдастырылады. Мемлекеттік деңгейде балаларды қорғау бойынша қолға алынып жатқан шаралар да аз емес.
Мейрамның тарихы
1949 жылы Парижде өткен Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясы конгресінде 1 маусымда Балаларды қорғау күнін атап өтуге шешім қабылданған болатын. Ал 1950 жылы әлемнің 51 елінде оны алғаш рет атап өтті.
Халықаралық деңгейде көтерілген бастаманың негізгі мақсаты – балалардың өмір сүруге, сөз бостандығына, білім алу және қорғау құқығы бар екенін еске салу. Бүгінде БҰҰ қабылдаған Бала құқықтары туралы конвенция осы саладағы басты құжат болып саналады. Оны 1989 жылы 20 қарашада қабылдаған.
Халықаралық балаларды қорғау күнінің туы да бар. Онда жасыл түсте жер белгісінің айналасында қызыл, сары, көк, ақ және қара мүсіндер бейнеленген. Жасыл өсуді, үйлесімділікті білдіреді. Адам бейнелері әртүрлілік пен төзімділікті білдіреді. Жер белгісі – бүкіл адамзаттың ортақ үйінің символы.
Қазақстанда қанша бала бар
Биылғы статистикаға сәйкес, Қазақстанда 18 жасқа толмаған шамамен 5,6 миллионға жуық бала бар. Жалпы халық санындағы кішкентай қазақстандықтардың үлесі 31 процентті құрайды. Басым бөлігі оңтүстік өңірдерде тұрады. Олар:
Түркістан облысы – 927 мың бала;
Алматы қаласы – 665 мың бала;
Алматы облысы – 556 мың бала;
Шымкент қаласы – 497 мың бала;
Астана қаласы – 472 мың бала.
Балаларды қорғау шаралары
Бүгінде мемлекет деңгейде балаларды қорғау бойынша қолға алынып жатқан шаралар аз емес. Мәселен, "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы аясында кәмелет жасқа толмаған балалардың есепшотына жыл сайын қаржы аударылады. Биыл мыңдаған бала ол ақшаны пайдаланды.
Бұдан бөлек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан балалары" атты біртұтас бағдарламаны қабылдауды тапсырды.
"Шашыраңқы болып тұр бәрі. Соның бәрін бір жерге жинақтаған дұрыс деп ойлаймын. Осыған орай "Қазақстан балалары" атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн", - деді Тоқаев ұлттық құрылтайдың соңғы отырысында.
Мемлекеттік мейрам бола ма
Қазіргі кезде Қазақстанда Балаларды қорғау күні мемлекеттік мейрамдар тізіміне кірмейді. Сол себепті ресми демалыс берілмейді.
Қазақстан халық партиясының мәжілістегі фракциясы 1 маусым – Балаларды қорғау күнін мемлекеттік мейрамдар тізіміне қосуды ұсынды.
Депутаттардың айтуынша, осы бастаманың арқасында отбасы институтын күшейтуге болады. Ал ата-аналар балаларымен көбірек уақыт өткізе алады.
Үкімет тиісті қаулыны шығарса ғана Балаларды қорғау күні мемлекеттік мейрамдар тізіміне қосылады.