Бокстан Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Дамир Буданбеков U22 командасының аға жаттықтырушысы Бақыт Сәрсекбаевқа қатысты пікірін айтты. Бұл туралы Sportbugin.kz хабарлайды.
"Бақыт қазір талаптанып жатыр. Жан-жақта жұмыс істеп, тәжірибе жинақтауда. Жақсы көрсеткішке ұмтылып жүргені байқалады. Оның еңбегінің нәтижесін World Boxing өткізетін жарыстардан соң бағалаймыз.
Келесі жарысқа Қайрат Сәтжановпен бірлесіп, мықты команда жасақтауы керек. Біріксе, мамандар ауызбіршілікпен жұмыс істесе, жарқын жеңістердің де ауылы алыс емес.
Бастысы – бөлмеу керек, бөлінбеу керек. Бірікпесе, бокста жеңіс болмайды. Қазір Сәрсекбаев федерациядан бөлек деп жатқандар да бар. Федерацияны тыңдаған дұрыс. Бірі алға, бірі басқа жаққа тартпаса екен", — дейді Буданбеков.
Сондай-ақ бокс маманы Сәрсекбаевтың болашақта ұлттық құрамаға бас бапкер болу мүмкіндігі жайлы айтты.
"Ол әлі өзін көрсетуі керек. Әлі пісуі керек. Бақыт әзірге жастармен жұмыс істеп жатыр. Ұлттық құрамаға келу үшін үлкен дайындық керек", — деді маман.