Aктриса, опера әншісі, көпшілікке "Бөрте" спектаклі арқылы танылған Әйгерім Шәріп ұлын еске алып, сахнада жылап қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әйгерім Шәріп өзінің басынан өткен қиын тағдыры мен жүрегіндегі жазылмас жараны Баян Алагөзованың «Алтын ханым» жобасында мәлімдеді.
Айтуынша, ол 18 жасында тұрмысқа шыққан. Десе де оның күйеуімен бірге өткізген бақытта күндері ұзаққа бармаған. Оның бұрынғы күйеуі екеуі ажыраспай жатып, баласын балабақшадан алып, қашып кеткен. Содан бері өнер иесі ұлымен табысуды армандап келген.
«20 жыл баланы көрмеу — менің өмірімдегі үлкен трагедия. Әрине баламмен қауышқан кезде мен оған оны қалай жақсы көретінімді айтамын. Бүгін менің барлық отбасым, анам, ағам, келінім бәрі осында.Ескендір, біз сені қатты жақсы көреміз. Сені қатты сағындық. Сенімен жақын арада кездесеміз деп ойлаймын. Сол себепті мен осы сахнада тұрып, ішкі жан сырым мен өмірімдегі үлкен өтінішімді айтып тұрмын. Барлық дұға еткен қазақстандықтарға алғысым шексіз. Алланың құлағына шалынсын, көп рахмет!», — деді ол.