Жетісу облысында 150 адамға арналған мәдениет үйі ашылды – «AMANAT»

/
Жетісу облысында 150 адамға арналған мәдениет үйі ашылды – «AMANAT»
«AMANAT» партиясы

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Жетісу облысы Көксу ауданы Мұсабек елді мекенде жаңа мәдени клуб ашылды. 150 адамға арналған нысан заманауи жабдықтармен қамтылған.

«AMANAT» партиясы Көксу аудандық филиалының төрағасы Мәлік Бейсеновтің айтуынша, бұл оқиға – ауылдық жерлерді дамыту бағытында жасалған маңызды қадам.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту мәселесі негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленген. Бұл ретте, мәдени инфрақұрылымды жаңғырту – елді мекендерде әлеуметтік-рухани орта қалыптастыру үшін аса маңызды. Мұсабек ауылындағы жаңа клуб – осы бағыттағы жүйелі жұмыстың айғағы. Бұл – партияның уәдесін іске асыру жолындағы нақты қадам», – деді ол.

Ауданы 1200 шаршы метрді құрайтын ғимарат Мұсабек және Мәулімбай ауылдарының, сондай-ақ Бақыт, Быжы және Мойынқұм стансалары тұрғындарының мәдени өміріне тың серпін бермек.

«Ауылымызда жаңа мәдени клуб ашылғанына өте қуаныштымыз. Бұл игі бастама ауыл тұрғындары үшін берілген зор мүмкіндік. Енді осы ғимаратта түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, жасөспірімдер мен жастар қауымы бос уақытын пайдалы өткізе алады. Ауылымыздың жаңа рухани тынысы ашылып, мәдени өмірі жанданады деп сенеміз», – деді ауыл тұрғыны Сайлаубек Конқақов.

Осылайша, жаңа клуб бой көтеріп, тарихи әділдік орнады. Себебі осы ауылда 1970 жылы салынған мәдениет үйі кейін апатты жағдайдағы нысан ретінде танылып, 1993 жылы бұзылған еді. Сол уақыттан бері тұрғындар мәдени іс-шаралардан шет қалып келді. Енді, міне, араға 32 жыл салып, облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен жаңа нысан пайдалануға берілді.

Жалпы, кейінгі үш жылда Жетісу облысында 7 ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, тағы 8 ауылда жаңа клубтар салынды. Биыл 9 мәдениет үйі мен 1 аудандық кітапхана құрылысы жүріп жатыр. Бұған қоса, 2 ауылдық клубқа күрделі жөндеу жүргізілуде.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары