Елімізде алғашқы халықаралық аутлет орталығы салынады

/
Елімізде алғашқы халықаралық аутлет орталығы салынады
ortcom.kz

Астанада өткен Халықаралық форум (AIF) аясында елімізде алғашқы халықаралық аутлет-орталығын салу туралы Бас келісімге қол қойылды.

Ауқымды жоба Алматы облысында QSM тобының бастамасымен жүзеге асырылады. Жобаның стратегиялық серіктесі ретінде коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығында 60 жылдан астам тәжірибесі бар австриялық Ekazent Management GmbH компаниясы таңдалды.

Келісім аясында Ekazent Management GmbH компаниясы аутлет-орталықты орналастыруға ең қолайлы орынды анықтау мақсатында маркетингтік зерттеу жүргізеді. Сондай-ақ болашақ орталықтың архитектуралық және операциялық тұжырымдамасын әзірлеп, басқару стратегиясын қалыптастырады. Нысан іске қосылғаннан кейін оның күнделікті операциялық басқаруын да компания өз мойнына алады. Бұдан бөлек, компания халықаралық брендтер мен жалға алушыларды барлық коммерциялық алаңдарға тартумен айналысады.

Жалпы ауданы 80 000-нан 120 000 шаршы метрді қамтитын аутлет-орталық аумағында сауда галереялары, қонақүйлер, қоғамдық тамақтану орындары, балаларға арналған ойын алаңдары мен басқа да қажетті инфрақұрылымдық нысандар орналаспақ.

«Бұл жобаның іске асырылуы Қазақстанның бөлшек сауда саласына жаңа серпін береді. Қазіргі таңда Орталық Азияда батыстық үлгідегі аутлет-орталықтар жоқ, бұл – еліміз үшін ерекше бәсекелестік артықшылық. Қазақстандық тұтынушылар брендтік тауарларға ерекше қызығушылық танытып, сән мен lifestyle мәдениетін жоғары бағалайды. Сонымен қатар, Алматы облысының Өзбекстан мен Қырғызстан астаналарына жақын орналасуы, Қытай, Түркия, БАӘ және Ресей бағытындағы логистикалық дәліздердің қиылысында орналасуы өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырады», – деді министр Арман Шаққалиев.

Аутлет-орталық тек жергілікті тұрғындар үшін ғана емес, шетелдік туристер үшін де тартымды орынға айналады деп күтілуде. Көршілес елдерден келетін шопинг-туристердің ағымы өңірдің экономикалық және тұтынушылық белсенділігін едәуір арттыруға ықпал етпек.

«Менің ойымша, Қазақстан – әсіресе Астана мен Алматы қалалары – Орталық Азиядағы ең қызықты өңірлердің бірі. Бұл аймақ туризм мен бөлшек сауданы дамытуда зор әлеуетке ие. Біздің компания халықаралық нарықта кеңеюді мақсат етеді. Қазақстанда Австриямен тығыз байланысы бар сенімді серіктестермен танысуымыз осы ерекше жобаның бастамасына түрткі болды. Жобаны алдағы екі жыл ішінде толық аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз», – деді The College Group компаниясының операциялық директоры Уилл Киффер.

Ekazent Management GmbH компаниясы басқарған Parndorf Fashion Outlet (Австрия) және Freeport Fashion Outlet (Чехия–Австрия) сынды ауқымды жобалар бұл жобаның да жоғары халықаралық стандарттарға сай болуын қамтамасыз етеді. Аталған орталықтар жыл сайын миллиондаған келушіні қабылдайды. Ал аутлет форматы жаһандық экономикалық тұрақсыздық жағдайында да өзінің тиімділігін көрсетіп келеді.

Қазіргі таңда әлемдік аутлет-ритейл нарығының көлемі 100 миллиард АҚШ долларынан асып жығылады. Жыл сайын бұл нарық орта есеппен 5–7 пайызға өсіп отыр. Бұл өсім әсіресе Азия елдерінде айқын байқалады. Аутлет форматтарының танымалдығы брендтік өнімдерді төмен бағада ұсынуымен, туризм мен шопинг-туризмнің артуымен, сондай-ақ дағдарыс жағдайларында тұтынушылардың бағаға сезімталдығымен түсіндіріледі.

Қазақстандағы бұл бірегей жоба QSM тобына қарасты «Multibrand Holding» компаниясы арқылы жүзеге асырылады. Топ құрамына еліміздегі CFBO (Centralized Fulfillment by Operator) моделінде жұмыс істейтін алғашқы маркетплейс – TEEZ, онлайн-гипермаркет Clever және Clever Distribution атты FMCG өнімдерінің дистрибьюторы кіреді. Цифрлық логистика мен халықаралық девелоперлік тәжірибенің үйлесуі бұл жобаның табысты болуына зор мүмкіндік береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары