Түстен кейін бір мызғып алы, яғни күндізгі ұйқы орта және егде жастағы адамдар үшін онша қауіпсіз әдет емес болып шықты. Массачусетс жалпы бейінді ауруханасының (Бостон) ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижесінде мұндай ұйқының кейбір ерекшеліктері денсаулыққа елеулі қауіп төндіруі мүмкін екені анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеу үшін ғалымдар Ұлыбритания биобанкісінің деректерін пайдаланды. Олар түнгі ауысымда жұмыс істемейтін 86 500-ден астам адамды таңдады. Қатысушылардың орташа жасы – 63, олардың 57%-ы – әйелдер. Апта бойы олардың қозғалысы акселерометр құрылғысы арқылы бақыланды.
Орта есеппен адамдар күндіз 24 минут ұйықтайды екен. Бірақ маңыздысы – ұйқының уақыты. Зерттеу нәтижелері бойынша, күндіз ұйқы режимі тұрақты емес немесе кешкі жақын уақытта ұйықтайтын адамдарда денсаулыққа төнетін қауіп жоғары болады. 11 жылдық бақылау барысында қатысушылардың 6%-ы қайтыс болды. Ғалымдар жасы, дене салмағы, шылым шегу, алкоголь қолдану және түнгі ұйқы ұзақтығын ескеріп, мәліметтерді қайта есептеді. Соның негізінде түстен кейінгі ұйқы мен тұрақсыз күндізгі ұйқы өлім қаупін арттыратыны анықталды.
Америка Құрама Штаттарының Ұйқы Медицинасы Академиясы күндізгі ұйқыны таңғы уақытқа жоспарлап, 20–30 минутпен шектеуге кеңес береді. Қысқа тынығу – ағзаны сергітіп, күш жинауға көмектеседі. Ал ұзақ немесе кешке жақын ұйықтау биологиялық ырғақты бұзып, шаршау мен әлсіздікке әкелуі мүмкін.