«Үрімжі арқылы өтеді»: «Сиань–Алматы» бағыты бойынша пойыз қатынайтын болды

/
«Үрімжі арқылы өтеді»: «Сиань–Алматы» бағыты бойынша пойыз қатынайтын болды
ҚТЖ

Бүгін Қытайдың Сиань қаласынан «Сиань – Алматы» бағыты бойынша алғашқы халықаралық туристік пойыз жолға шықты, деп хабарлады turkystan.kz.

Салтанатты жөнелту рәсіміне «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов бастаған қазақстандық делегация, сондай-ақ, Қытай тарапынан мемлекеттік органдардың, жергілікті әкімшілік құрылымдардың, туризм және көлік саласындағы ұйымдардың өкілдері қатысты.

«Бұл жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланыстарды тереңдетіп, туризм саласындағы серіктестікті дамытуға бағытталған. Сапар барысында қытайлық қонақтар еліміздің тарихи-мәдени мұрасымен жақынырақ танысып, болашақта жаңа бірлескен жобалардың бастамасына негіз қаланады деп сенеміз», – деді Әнуар Ахметжанов.

Пойыз Үрімжі қаласы арқылы өтіп, халықаралық шекаралық Қорғас өткеліне тоқтайды. Бұл жерде пойыздың дөңгелек жұптары ауыстырылады. Одан кейін пойыз Алтынкөл станциясы арқылы Алматы қаласына жетеді.

Туристік пойыз 9 вагоннан тұрады және жолаушыларға барынша қолайлы жағдай жасау үшін заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Туристік топ құрамында бизнес өкілдері, ғалымдар, актерлермен спортшыларды қоса алғанда 246 адам бар.

Қытайлық туристтер бес күн бойы Қазақстанның оңтүстік астанасының тарихи және мәдени мұрасымен танысып, негізгі көрнекті орындарды аралайды, сондай-ақ, қабылдаушы тарап ұйымдастырған мәдени және іскерлік іс-шараларға қатысады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары