Алматы облысында үш оқушы қайғылы жағдайда көз жұмды

/
Алматы облысында үш оқушы қайғылы жағдайда көз жұмды
istockphoto

Алматы облысының Іле ауданында жол апаты болып, салдарынан үш оқушы қаза тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, мектеп оқушыларының бірі ата-анасының көлігін рұқсатсыз мініп, үш досын өзімен бірге көлікке отырғызып ала кеткен.

Алматы облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, жол апаты 27 мамыр күні таңғы сағат 04:20 шамасында Төңкеріс – Байсерке – Қараой тас жолында болған.

Mitsubishi Galant маркалы автокөлікті кәмелетке толмаған жасөспірім басқарған. Ол рөлге ие бола алмай, ағашқа соғылған.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан оқиға орнында көлікті жүргізген оқушы мен оның жанында болған достарының бірі көз жұмды. Ал екі оқушы ауруханаға жеткізілгенімен, олардың бірі ауруханада қайтыс болды, – деп хабарлады полиция.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Барлық мән-жайлар анықталғаннан кейін заңды өкілдерге қатысты шара қолданылатын болады, – деп толықтырды ведомство.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары