Астана – Павлодар автомагистралінде полиция қызметкерлері жылдамдық режимін өрескел бұзған жүргізушісі ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Қалқаман ауылының маңында Lexus автокөлігі тоқтатылып, жүргізушісі жолда белгіленген жылдамдық шегін бұзып, сағатына 216 км жылдамдықпен жүргені анықталды. Аталған автожолда жылдамдық шектеуі 140 км/сағ болып белгіленген», – деді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Құқықбұзушылық дерегі республикалық автожолдардағы жылдамдық режимін бақылауға арналған автоматтандырылған «Зерек» бағдарламалық кешені арқылы автоматты түрде тіркелді.
Жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Жылдамдықты арттырғаны үшін оған 157 280 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жылдамдық режимін сақтауға шақырады.