Ұн зауытындағы жарылыс: зардап шеккендердің бәрі ауруханада қайтыс болды

/
Ұн зауытындағы жарылыс: зардап шеккендердің бәрі ауруханада қайтыс болды
istockphoto

Алматы облысындағы ұн өнімдерін өндіретін зауыт аумағында болған жарылыс салдарынан зардап шеккен төрт адамның бәрі қайтыс болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға орын алған «АзияАгрофуд» АҚ ресми мәлімдеме жасады.

— 23 мамырда зауыт аумағында орын алған қайғылы оқиға салдарынан әріптестеріміздің қаза тапқаны туралы қаралы хабарды ауыр күйзеліспен қайғыра жеткіземіз. Бұл трагедия бүкіл компания үшін ауыр соққы болды. Біз қызметкерлерді ғана емес, жұмысына адал және адамгершілігі мол жандардан айырылып қалдық, — делінген хабарламада.

Компания өкілдері заңнама мен корпоративтік бағдарламалар аясында қарастырылған сақтандыру төлемдерінен бөлек, марқұмдардың отбасына қосымша материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

— Біз жерлеу рәсімін ұйымдастыруға байланысты барлық шығынды өз мойнымызға аламыз, сондай-ақ әріптестеріміздің қарыздары болса толық өтейміз. Әр отбасыға психологиялық және заңдық қолдау көрсетіледі, қажет болған жағдайда жеке көмек те ұйымдастырылады, — деп атап өтті компаниядан.

Бұған дейін Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы 23 мамыр күні денесінің 70–80% күйік шалған төрт адамның Қарасай көпсалалы орталық аудандық ауруханасына жеткізілгенін хабарлаған болатын. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары