«AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты – әлеуметтік және заңнамалық өзгерістердің қозғаушы күші

/
«AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты – әлеуметтік және заңнамалық өзгерістердің қозғаушы күші

Петропавл қаласында «Гендерлік тепе-теңдік – татулық пен тұрақтылықтың негізі: тиімділік, талпыныс, трансформация» тақырыбында форум өтті. Іс-шараға 300-ден астам адам қатысты. Қатысушылар қоғамды, мемлекетті, экономиканы және мәдениетті дамытудағы әйелдердің рөлі мен ықпалын арттыру мәселелерін талқылады.

«AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының төрағасы, партия Хатшысы Шолпан Каринованың айтуынша, кейінгі жылдары елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және отбасы құндылықтарын нығайту ісіне елеулі өзгеріс енгізген саяси реформалар жүргізілді.

«Біз «Әйел аманаты» және «Tomiris» жобалары арқылы әйелдердің әлеуетін ашамыз, олардың кәсіби тұрғыда дамуы мен қоғамдық-саяси өмірге араласуына қолдау көрсетеміз. Әйелдер қанаты – саяси пікірталасқа әр алуандық пен тереңдік беретін партиямыздың маңызды бөлігі. Ол – әрбір әйелдің үні естіліп, идеясы жүзеге асатын баянды болашаққа деген жарқын үміттің символы. Біз «AMANAT» партиясы мүшелерінің басым бөлігі, яғни шамамен 60%-ы әйелдер қауымы екенін әркез мақтанышпен айтып келеміз. Осылайша, Әйелдер қанаты мемлекет саясатына байыпты бағыт-бағдар береді», – деді ол.

Мәселен, Әйелдер қанатының ұсыныстары отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заңның негізін қалады. Сонымен қатар Әйелдер қанатының бастамалары ескерілген психологиялық қызмет туралы заң жобасын әзірлеу жұмысы жалғасуда. Ал  әйелдер көшбасшылығын ілгерілетуге арналған «Tomiris» жобасы арқылы үш жылда 100-ден астам әйел-көшбасшы оқытылды. Бұл қадам мәслихаттардағы әйел депутаттардың үлесін 30 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар партияның Әйелдер қанаты есту қабілеті бұзылған адамдарды есту протездерімен қамтамасыз ету және онкологиялық скринингтерді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне қосу туралы бастама көтеріп, бұл ұсыныстар Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапты. Өткен айда Президент тиісті заңға қол қойды.

Қазақстан Республикасы Президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закария  саясаттан бастап, ұрпақ тәрбиесіне дейінгі өмірдің барлық саласында әйелдердің толыққанды қатысуынсыз тұрақты даму болмайтынын атап өтті.

«Ғасырлар бойы әйелдер оң өзгеріс пен шалқар шабыт иесі атанып келді. Әрқайсыларыңыз инновация мен теңдік қатар жүретін жарқын болашақты қалыптастыруға үлес қосып жатырсыз. Сіздердің идеяларыңыз әлемді жақсы жаққа өзгертетін жаңа бастамаларға негіз болады деген сенімдемін», – деді ол.

Тақырыпты Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов жалғастырды. Оның айтуынша, тең мүмкіндік – жай ғана ұран емес, халықаралық статистикамен расталған нақты қажеттілік.

«Зерттеулер көрсеткендей, әйелдер мен ерлер тең құқық пен мүмкіндікке ие қоғамда – жоғары экономикалық нәтижелер, тұрақты өсу қарқыны және қақтығыстардың төмен деңгейі байқалады. Бүгінде өңірде мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі – 64%-ды, сот жүйесінде – 72%-ды, құқық қорғау органдарында – 15%-ды құрайды. Аудандық мәслихат хатшыларының 40%-дан астамы – әйелдер. Екі әйел – аудан әкімі, ал 32 әйел ауылдық округтерді басқарады», – деді ол.

Өзге салаларда да айтарлықтай нәтиже бар. Аймақтағы шағын және орта бизнестің әрбір бесінші субъектісін әйел басқарады. Бұл кәсіпорындарда тұрақтылық пен өсім бары байқалады. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанынан Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы құрылды. Тек осы жылдың өзінде субсидиялау желісі бойынша әйелдердің жалпы сомасы 713,5 млн теңгеден асатын 11 өтінімі мақұлданды.

Форумның пленарлық сессиясына әйелдерге заңнамалық, мәдени және білім беру тұрғысынан қолдау көрсетудің маңызды аспектілерін қозғаған халық қалаулылары да қатысты. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбеновтің айтуынша, гендерлік теңдік отбасынан – ата-ананың балаға беретін тәрбиесінен бастау алады. Ал Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ әйелдер арасында гендерлік саясатты ілгерілету мен құқықтық мәдениетті нығайтудың институционалдық тәсілдеріне назар аударды.

Форум жұмысы панельдік сессияларда жалғасты. Онда әйелдердің цифрлық трансформациядағы, ұлттық құндылықтарды нығайтудағы, тәрбие берудегі, медиа-саясат пен денсаулық сақтауды дамытудағы рөлі талқыланды. Аудан әкімдері, мәслихат төрағалары, дәрігерлер, оқу орындарының директорлары, БАҚ және медицина өкілдері табысты жобалары мен зерттеулерін ұсынды. Сессиялармен қатар подкасттар түсіріліп, шеберлік сабақтары мен тренингтер өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары