24-25 мамыр күндері Павлодарда оқыс оқиғадан бірнеше бала зардап шекті, деп хабарлады turkystan.kz сайты Pavlodarnews.kz басылымына сілтеме жасап.
Павлодар облыстық жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, 23 мамыр күні Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі үйдің ауласында жеңіл көлік жеті жастағы баланы қағып кеткен. Бала түрлі жарақаттармен облыстық балалар ауруханасының жарақат пунктіне жеткізілді. Сол күні Солнечный кентінде тағы бір жеті жасар бала көлік астына түсіп, жабық бас-ми жарақаты және ми шайқалуы күдігімен Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілген.
– 24 мамырда Павлодарда үш жасар бала кір жуғыш ұнтақты жеп қойып, улану жағдайымен жедел жәрдем шақыртты. Бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Осы күні тағы бір жағдай тіркелді: бір жасар бала үстіне қайнаған су төгіп алып, денесінің үш пайызынын бірінші-екінші дәрежелі күйік шалды. Бала анасымен бірге ауруханаға жеткізілді, – дейді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко.
24 мамырдан 25 мамырға қараған түні Павлодарда тағы бір жол-көлік оқиғасы орын алып, төрт бала зардап шеккен. Әуежай жақтағы айналма жолда екі жеңіл көлік соқтығысқан. Оқиға орнына 103 қызметінің екі бригадасы жіберілген. 2018, 2021 және 2024 жылы туған үш қыз бала мен 2020 жылы туған бір ұл бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Сонымен қатар, 34 жастағы әйел Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді. 33 жастағы ер адам ауруханаға жатудан бас тартқан.
– Әрине, жағдайлар әртүрлі болуы мүмкін, бірақ ересектердің қырағылығы мен түсіндіру жұмыстары қайғылы жағдайлардың алдын алады. Жолда балаға үнемі бақылау жасау қажет, жол жүру ережелерін түсіндіру маңызды. Ал тұрмыстық химия, дәрі-дәрмек және өзге де қауіпті заттарды балалардың қолы жетпейтін жерде, тіпті құлыптаулы шкафтарда сақтау керек. Ыстық тағам мен сусындарды үстелдің шетіне қоюға болмайды. Баланың қауіпсіздігінің басты кепілі – ересектердің қырағылығы мен қамқорлығы, – дейді Ирина Мищенко.
Дәрігерлер жазғы демалыс кезінде ата-аналар мен ересектерге балалар қауіпсіздігіне ерекше мән беруді ескертеді.