Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті тағайындалды

/
Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті тағайындалды
gov.kz

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен Нәзипа Алтынбекқызы Аюбаева Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті лауазымына тағайындалды.

Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің Білім беру факультетінде философия докторы (PhD) және философия магистрі (MPhil) дәрежелерін, Үндістандағы Бангалор университетінде маркетинг және жүйелер мамандығы бойынша іскерлік басқару магистрі (MBA) дәрежесін, сондай-ақ Бішкектегі Жоғары колледжде педагогика және лингвистика мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған.

Еңбек жолын Тараз қаласындағы №39 орта мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған. Алматы қаласындағы Абай атындағы республикалық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында әлем әдебиеті және философия пәндерінен арнайы курс жүргізген. Нархоз университеті мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде қауымдастырылған профессор қызметін атқарған.

Әр жылдары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы төрағасының орынбасары, «Назарбаев Қоры» төрағасының орынбасары, Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебінің аға ғылыми қызметкері және Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ұлттық Банкі жанындағы «Ұлттық аналитикалық орталық» акционерлік қоғамының жобалар менеджері қызметтерін атқарған.

Нәзипа Алтынбекқызы Еуропалық комиссия, Америкалық халықаралық даму агенттігі (USAID) және Дүниежүзілік сауда институтының (WTI) аймақтық жобаларын басқару саласында мол тәжірибе жинақтаған. Білім саласындағы зерттеушілердің Қазақстандағы қауымдастығының (KERA) негізін қалаушылардың бірі және Еуропадағы білім саласын зерттеушілер қауымдастығының белсенді мүшесі болып табылады.

«Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президентін ұжымға таныстыра отырып, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ұйымның халықаралық мәртебесін арттыруға бағытталған бірқатар нақты міндеттер қойды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары