Адвокат Ләззат Ахатова өзін Мұхамеджан Тазабекпен не нәрсе байланыстыратыны туралы айтты, деп хабарлады turkystan.kz.
«Мұхамеджанды Қаңтардан кейін эмоциямен (мүмкін негізсіз) кінәлаған шығармын, діни сеніміне күмән болған шығар, бірақ құдайшылығын айту керек, ешқашан жалғыз екен деп, басынған, бөтен әңгіме айтқан кезі болмағаны үшін, титтей де бір көңіліме келетін әрекет етпегені үшін құрметтеймін. Соңғы рет былтыр Серікзат үшеуміз оразаның алдында, «Керуенде» бір мейрамханада шәй іштік, одан кейін кездеспедім. Кездескенде тек студенттік щақты еске аламыз, ұстаздарды айтамыз, сол кездегі балалықтарды, қызықтарды айтамыз. Ешқандай саясат, сезім, махаббат-сахаббат деген тема болмайды. Өйткені бәріміз ет пен сүйектен жаралған адамбыз. Бір сәт баяғы тап-таза балаң шаққа оралғымыз келеді, сол кездің куәсі болған жандарды көргенде, еріксіз сол алаңсыз бәрі жақсы, бәрі дос көрінетін жанымыз мөлдір, ешқандай ағыммен, саясатпен былғанбаған жастық шаққа саяхат жасап, рахаттанып күліп, тарқаймыз. Бөтен бір нәрсе айтпаймыз. Тіпті Қаңтардан соң, неше түрлі нәрсе жазып тастасам да, сол күдікті сұрағымды да көргенде Мұхаңның көңіліне қарап, мен қоя алмадым. «Оның не, Ләззат-ау, абитуриент кезден білетін дос емес пе едік, өзімнен неге сұрамадың?» деп Мұхамеджан да айыптамады. Көңілге ауыр тиетін тақырыпты айналып өттік. Секең де айтпады. Тек өзара жігіттермен болатын төбелестерді, бөтен факультеттің қыздарына барып, белгілі ақынның өлеңін өзімнің өлеңім деп оқып, “облом” болған кездерді еске алып, күліп қайттық. Әрқайсымыз өз жолымызбен, өз сенімімізбен кетсек те, бізге ортақ бір нәрсе - студенттік жылдар, қара шаңырақ-ҚазҰУ», - деп жазды Л. Ахатова.
Айта кетейік, ол бұл жазбаны журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың сұхбатынан кейін жазған.