Астанада сарбаздар аналарының II республикалық форумы өтті

/
Астанада сарбаздар аналарының II республикалық форумы өтті
gov.kz

ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Аналар күніне орай сарбаздар аналарының II республикалық форумы өтті.

«Әскердегі азаматтың қызметіндегі ана даналығы» ұранымен өткен бұл шара армия, мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғам өкілдері арасындағы ашық диалог алаңына айналды.

Форумға Парламент Мәжілісінің депутаттары, атқарушы биліктің, бейінді министрліктер мен ведомстволардың, Мемлекеттік күзет қызметінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның, Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері, сондай-ақ «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитетінің және оның өңірлік филиалдарының мүшелері қатысты.

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов өз сөзінде әскери қызметшілердің отбасыларын армияның қоғамдық өміріне белсенді тарту және әскерге шақырылушылардың моральдық және патриоттық қасиеттерін қалыптастырудағы ананың рөлі арқылы халықтың әскери қызметке деген сенімін нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі, Әскери прокуратура, Денсаулық сақтау министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдерінің баяндамалары тыңдалды. Мерзімді қызмет өткеру шарттары, әскери қызметшілерді заттай мүлікпен және тамақпен қамтамасыз ету, әскерге шақырудың ашықтығы, отбасылармен өзара қарым-қатынас, моральдық-психологиялық қолдау, сарбаздарды құқықтық қорғау және мерзімді қызметтегілер үшін білім беру мүмкіндіктері мәселелері талқыланды.

«Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитетінің төрайымы Лилия Хайруллина әскери бөлімдердің басшылығымен диалог құрудың және әскердегі қызметтің қауіпсіз, әлеуметтік тұрғыда қорғалған және беделді болуға жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтіп, сонда жастар армияға өз еркімен барады, ал олардың туыстары командирлерге сенім артады деді.

Форумда ұйымдастырылған жауынгерлік дайындықта үздік нәтижелерге қол жеткізген ұлдардың аналарымен кездесулері тосынсый болды. Жас жауынгерлерге 10 күндік демалыс беріліп, ынталандырылды. Осындай лайықты ұлдар тәрбиелеген аналарға ведомстволар мен сарбаздар аналары комитеті басшыларының атынан грамоталар, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Форум қорытындысы бойынша ұсыныстардың ресми хаттамасы орындаушыларды, мерзімдерін және күтілетін нәтижелерді нақты белгілей отырып, толтырылды, бұл барлық тартылған тараптардың одан әрі бірлескен іс-әрекетінің жол картасы болмақ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары