«AMANAT»: Қызылордада «Miras» республикалық кеңесінің көшпелі отырысы өтті

«AMANAT»: Қызылордада «Miras» республикалық кеңесінің көшпелі отырысы өтті

Бүгін Қызылордада «AMANAT» партиясы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық кеңесінің көшпелі отырысы өтті.

Алқалы жиында «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасындағы мәдени ошақтарды салу және жөндеу бойынша жоспарланған жұмыстардың Сыр өңірінде орындалу барысы мен облыстағы мәдениет саласының өзекті мәселелері талқыланды. 

Жиын алдымен партияның облыстық филиалы жанындағы «Miras» аймақтық кеңесінің төрағасы, Баймырза Қожамберлиев хабарлама жасап, аймақтық кеңеспен атқарылып жатқан жұмыстарды жеткізді. 

Қызылорда облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов хабарлама жасап, партияның сайлауалды бағдарламасының өңірде жүзеге асуына тоқталып өтті. 

Басқарма басшысының айтуынша Сайлауалды бағдарлама аясында өңірде 2023-2025 жылдарға 12 нысан құрылысын салу, 45  мәдениет нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, меже артығымен орындалған. 

«Жол картасы аясында облыс тұрғындарының мәдениет ұйымдарына қол жетімділігін арттыру, сапалы мәдени қызмет көрсету мақсатында 2023 жылы 2 нысан құрылысын салу, 15 мәдениет нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізу, 2024 жылы 5 мәдениет нысанын салу, 15 мәдениет нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізу және 2025 жылы 5 нысан құрылысын салу, 15 мәдениет нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Нәтижесінде 2023-2024 жылдары 13 мәдени нысанның құрылысы салынып, пайдалануға берілді. 35 мәдениет нысандарына күрделі және жай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталған екі жыл ішінде жоспар мәдениет нысаны құрылысын салу бойынша 6 нысанға артығымен орындалса, жөндеу жұмыстары бойынша 5 нысанға артық орындалды», – деді  Жанмұрат Сейілов.

ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, кеңес төрағасы Аманжол Әлтай Қызылорда облыстық филиалы жанындағы «Miras» кеңесінің ең белсенді аймақтық кеңестердің бірі екендігін және мәдени нысандар құрылысын жүргізу бойынша партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуы да жақсы көрсеткішке ие екендігін атап өтті.  

«Сыр елі – жыр елі» атанған бұл өлке – тума таланттардың бесігі болған, дауылпаз Сыр сүлейлері шыққан киелі мекен. Ұлт рухының алдаспаны қайралған, тамырлы тарихымыздың арқауы жалғанған мұндай өңірде мәдениетке жағдай жасалмауы мүмкін емес дүние. Осы бағытта партиямыздың сайлауалды бағдарламасында жоспарланған жұмыстар кезең - кезеңімен жүргізілгенін біліп отырмыз. Жоспардан тыс та облыста қосымша «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», «Өнер орталығы», «Шығармашылық академиясы» салынып, жаңадан симфониялық оркестр, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталған. Жыраулық дәстүр өкілдерінің «Жыраулар үйі» ашылып, барлық аудандарда «Руханият орталықтары» салынған. Алдағы уақытта да көптеген мәдени нысандар  пайдалануға берілмек. Бұның барлығы аймақтағы берекелі бірліктің, бірлескен жұмыстардың жемісі», – деді кеңес төрағасы Аманжол Әлтай.

Жиын барысында кеңес төрағасы Аманжол Әлтай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің, ұлттың негізгі жады кітапхана екенін баса айтып, кітап оқитын ұлт қалыптастыру қағидасын ұстанып келетіндігін тілге тиек етіп, осы орайда өңірде А.С.Пушкин атындағы орталық кітапхана және №13 балалар кітапханасының орналасқан жері білім алушыларға қолайсыздық тудырып отырғандығы жөнінде азаматтардан ұсыныс келіп түскенін айтып, осы мәселені ретке келтіруді ұсынды. Айтылған мәселелер бойынша облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов нақты жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. 

Жалпы кеңес отырысының күн тәртібіне сәйкес өңірдегі мәдениет саласының өзекті мәселелері бойынша кеңес мүшелері тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылып, жұмыс жасау үшін хаттамаға енгізілді.

Кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары   Шахмардан Байманов Сыр елінің мәдениет және өнер саласында атқарып жатқан жұмыстары жөнінде атап өтіп, партия бастамаларын облыс әкімдігі қаншанда қолдайтындығын жеткізді. 

Жиын соңында аймақтық кеңестің бірқатар белсенді мүшелері азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық кеңесінің төрағасы Аманжол Әлтайдың арнайы алғыс хатымен марапатталды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары