Марқұм Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысында Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев пен айыпталушы Дидар Қалиахмет арасындағы беттесу видеосы жарияланды. Тергеу кезінде олардың арасында жанжал болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Нұрқанат Ғайыпбаевтың айтуынша, қайғылы оқиға болған күні ол Нұрбол Тоқтаубаевтан 16 жастағы жасөспірімді кешіріп, тимеуді өтінген. Алайда Тоқтаубаев бірден Шыңғыс, Абзал және Нұркиясқа қоңырау шала бастаған. Дархан Аскентай да өз достарына хабарласқан.
Куәлік беру кезінде жәбірленуші тараптың адвокаты Дидар Қалиахметке күліп отырғаны үшін ескерту жасады.
Ал Қалиахметтің адвокаты оған күлсе де, жыласа да өзі біледі деп жауап берді.
«Менің бауырым қайтыс болды, ал ол мұнда күлуі керек пе?» – деп ашуланды Нұрқанат Ғайыпбаев.
Оған Дидар Қалиахмет «ол өтірік айтып тұр» деп жауап берді, содан кейін олардың арасында сөзталас басталды. Жанжалға араласқан екі тарапты адвокаттар тыныштандырды.
Айта кетейік, бүгін 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр.
Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, 200-ге жуық куәгер сұралған. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Айыпталушыларды 17 адвокат қорғап жатыр.
17 сәуірде Талғар қаласында Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша басты сот процесі басталды. Судья Ержан Жанұзақов күдіктілерге қандай баптар бойынша айып тағылғанын жариялады. Айыпталушылардың жартысының бұрын сотталғаны белгілі болды.